Психолог: Жемқорлықсыз қоғам адал тәрбиеден басталады
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына елеулі қауіп төндіретін ең күрделі мәселелердің бірі.
Сыбайлас жемқорлық азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретеді, экономикалық өсуді тежейді, мемлекеттік қызметтердің сапасын төмендетеді және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын бұзады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның маңызды міндетіне айналып отыр. Tizgin.kz тілшісі осы тақырыпта мұғалім, ата-ана және психологтың пікірін сұрап көрді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес: мемлекетке 16,1 млрд теңге өндірілді
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйелі түрде жүргізіліп, құқық бұзушылықтардың кең ауқымы қамтылған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша 895 адамның заңсыз әрекетінің жолы кесілді. Барлығы 1 052 қылмыстық іс қозғалып, оның 969-ы бойынша тергеу аяқталды, ал 860 іс сотқа жолданды. Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігі парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыруға қатысты болған.
Тергеу нәтижесінде мемлекет кірісіне 16,1 млрд теңге өндірілді. Сонымен қатар, 3,3 млрд теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынған.
Азаматтық белсенділікті ынталандыруға да ерекше назар аударылған. 2025 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған 61 азамат көтермеленіп, оларға жалпы 24,2 млн теңге көлемінде сыйақы төленген.
Адал ұрпақ тәрбиесі – отбасының басты міндеті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – бұл сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісін қабылдамауға негізделген құндылықтар, сенімдер мен мінез-құлық нормаларының жиынтығы. Ол пара алу немесе пара беру, қызметтік өкілеттіктерді жеке мақсатта пайдалану, жеке байланыстарды заңсыз пайда табу үшін қолдану қоғамға зиян келтіретінін және өзге азаматтардың құқықтарын бұзатынын терең түсінуді білдіреді.
Мұндай сананы қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталады, себебі дәл осы ортада адалдық, жауапкершілік және заңға құрмет сияқты негізгі құндылықтар қаланады.
«Мен ұл мен қыз өсіріп отырған анамын. Бірі мектеп, екіншісі балабақша жасында. Екеуінде әу бастан адал болуға, әділ болуға, біреудің ала жібін аттамауға, еңбекқор болуға тәрбиелеп келемін. Адал жолмен тапқан табыста береке бар екенін, «Ұрлық түбі – қорлық» екенін үнемі айтып отырамын. «Отан – отбасынан басталады», демек құлық-сұмдықтан алыс болу, парақор, жемқорлыққа жоламау сияқты қасиеттерді баланың бойына отбасында сіңіруіміз керек деп ойлаймын», – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Күміс Сағадиева.
Мектептегі тәрбие сағаттары адалдыққа үндейді
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыруда білім беру жүйесінің де рөлі ерекше. Қазақстандағы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті және адалдық қағидаттарын дәріптеуге ерекше көңіл бөлінеді.
«Мектепте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қатысты тәрбие сағаттарын өткізіп тұрамыз. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болғандықтан бұл тақырыпты оқушыларыма қазақ халқының бетке ұстар тұлғалары арқылы түсіндіремін. Елінің игілігін қалаған, ұрпағының жарқын өмір сүруін қалаған адам ешқашан сыбайлас жемқорлыққа бармайды. Оқушыларға бір күнімізді ғана ойламай, болашағымызды да ойлауға, түбі түрмеге алып баратын жемқорлық, парақорлық сияқты жаман қасиеттерден аулақ болуға шақырамын», – дейді Олар қаласының тұрғыны, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Әлия Мукашева.
Балалар сөзден емес, ата-ананың әрекетінен үлгі алады
Бұл тақырыпта психолог Назерке Көкебаева да пікір айтты.
«Әр ата-ана баласының парасатты, адал болғанын, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата алатын азамат болғанын қалайды, бірақ балаға сөзбен ғана емес, іспен үлгі болуды ұмытып кететіндер бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мемлекеттік мекемелерде немесе мектепте емес, ең алдымен отбасында басталады. Бала ерте жастан бастап үлкендердің іс-әрекетін бақылап өседі. Ол ата-анасының айналасындағы адамдармен қалай қарым-қатынас жасайтынын, заң мен ережелерді сақтайтынын, уәдесінде тұратынын және өзгелерге құрметпен қарайтынын көреді. Ата-ананың жеке үлгісі – адалдыққа тәрбиелейтін ең алғашқы әрі ең маңызды сабақ. Егер бала сенімге, әділдікке және жауапкершілікке негізделген ортада өссе, бұл құндылықтар оның өмірлік ұстанымына айналады.
Кейде ересектер өздері байқамай балаларға теріс үлгі көрсетеді. Мысалы, қандай да бір мәселені «таныс арқылы» шешуге тырысады, тегін көрсетілуі тиіс қызмет үшін сыйақы ұсынады немесе аз ғана пара мәселені тезірек шешуге көмектеседі деп ойлайды. Мұндай әрекеттер баланың санасында «ережені айналып өтуге болады» деген түсінік қалыптастырады. Ата-аналар әрбір іс-әрекетінің бала үшін үлгі екенін ұмытпауы керек», – дейді психолог.
Баламен ашық әңгіме – дұрыс құндылықтардың негізі
Маманның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы тәрбиелеу – балалармен күн сайын адалдық, жауапкершілік және өзгенің еңбегін құрметтеу туралы әңгімелесу деген сөз. Өмірдегі түрлі жағдайларды бірге талқылап, әділдіктің жеке пайдадан әрқашан жоғары тұратынын, бөтеннің артықшылығын пайдалануға немесе заңсыз жолмен мәселе шешуге болмайтынын түсіндіру маңызды. Осындай әңгімелер баланың дұрыс моральдық құндылықтарын қалыптастырып, сыни ойлау қабілетін дамытады.
«Сонымен қатар, баланы өз жетістігін бағалауға үйретудің де маңызы зор. Бала жетістікке тек білімнің, еңбектің және табандылықтың арқасында жетуге болатынын түсінсе, өз күшіне сенімділігі артады. Бұл болашақта заңсыз жолмен мақсатқа жетуге ұмтылу ықтималдығын азайтады.
Қазіргі таңда балалар интернет пен әлеуметтік желілерден өте көп ақпарат алады, сондықтан ата-аналар баласының қандай контент көретінін, кімдерді үлгі тұтатынын біліп, олармен ашық пікір алмасып отырғаны жөн. Ашық әңгіме балалардың адалдыққа, әділдікке және азаматтық жауапкершілікке деген дұрыс көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру – бір реттік әңгімемен шектелмейтін, күнделікті тәрбие арқылы жүзеге асатын үздіксіз үдеріс. Бұл – ата-ананың жеке үлгісі, заңға құрметі және балалармен шынайы сұхбаты арқылы қалыптасады», – дейді ол.