Жаңалықтар

Шымкентте II топ мүгедегі сот арқылы баспанасын қайтарып алды

Шымкент қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты әйелдің туыстары мен нотариустар рәсімдеген жылжымайтын мүлік мәмілелерін жарамсыз деп таныды деп хабарлайды Tizgin.kz.

Баспанасынан қалай айырылды

Мәлім болғандай, ІІ топ мүгедектігі бар қала тұрғынының атына тіркелген үйі мен пәтері ол психикалық денсаулық орталығында емделіп жатқан кезде сатылған. Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сот шешімімен әйелдің мүліктік құқықтары толық қалпына келтірілді.

Талап қоюшы құжаттарды рәсімдеу кезінде не болғанын есіне түсіре алмайтынын және жылжымайтын мүлкін сатуға ниеті болмағанын айтқан.

Сот материалдарына сәйкес, сенімхаттарға қол қойылған кезде әйел облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем қабылдап жатқан. Осы жағдайды пайдаланған екі нотариус пен үш туысы қажетті құжаттарды рәсімдеп, оның үйін жер телімімен бірге және пәтерін сатып жіберген.

Нәтижесінде әйел баспанасыз қалып, жақындарының үйін паналауға мәжбүр болған.

Сараптама нәтижесі

Сот-психиатриялық сараптамасы әйел 2019 жылдан бері органикалық этиологиялы тұлғалық бұзылысқа шалдыққанын көрсетті. Сондай-ақ оның интеллектуалдық-есте сақтау қабілеттерінің төмендеуі байқалған.

Мамандар құжаттарға қол қойған сәтте әйелде ойлау, есте сақтау  тұрғысында ауытқу болуына байланысты не істеп тұрғанын бағамдай алмаған деген қорытындыға келген, – делінген ақпаратта.

Сот шешімі

Сот барлық дәлелді зерттей келе, әйелдің бейсаналы түрде мәміле жасасқанын растады.

Осыған байланысты сенімхаттар да, кейін жасалған сатып алу-сату келісімдері де жарамсыз деп танылды. Тараптар бастапқы жағдайына қайтарылып, әйелдің мүліктік құқықтары толық қалпына келтірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Back to top button