Ағама медициналық көмек көрсетуді сұраймын – Думан Мұхамедкәрімнің қарындасы

Түрмеде отырған журналист Думан Мұхамедкәрімнің қарындасы Айжан Тілепова ағасына медициналық көмек көрсетуді сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Айжан Тілепова не дейді
Желіде жазба жариялаған журналистің қарындасы Думан Мұхамедкәрім өзінің туған жалғыз ағасы екенін айтты.
“Ол мен үшін жай ғана аға емес, өмір бойы арқа сүйеген тірегім. Бүгін оның хал үстінде жатқаны жүрегімді қан жылатады. Қандай көзқараста болса да, әр адамның өмір сүруге, ем алуға құқығы бар. Мен ағамның аман қалуын, оған барлық қажетті медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуін сұраймын. Ешбір отбасы бауырынан айырылмасын. Ағам, сені үйде күтіп отырған жандарың бар. Сенің аман-есен ортамызға оралғаныңды тілейміз. Жиендеріңнің “көке” деп алдыңнан шыққанын көруге тиістісің”, – дейді Айжан Тілепова.
Журналистің жағдайы мүшкіл екенін бұған дейін белсенді Абзал Достияр хабарлаған еді. Оның сөзінше, Думан Мұхамедкәрім түрмеден хат жазып, 8 шарты метрлік карцерден 1 жыл 8 ай бойы отырғанын хабарлаған. Журналист өзін Қызылордадан Алматыдағы түрмеге ауыстыруды талап етіп отыр.
Думан Мұхамедкәрім не үшін сотталды
Қонаев қалалық сотының үкімімен 2024 жылдың тамызында журналист жеті жылға бас бостандығынан айырылған. Үкім бойынша сонымен бірге, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналыса алмайды. Оған “экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты” деп айып тағылған еді.
Алматыда сол үкімнен кейін өткен баспасөз конференциясында құқыққорғаушылар журналистің жай-күйі жайлы айтқан болатын. Адвокаты Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхамедкәрімді Талқықорғанда тергеу изоляторының карцеріне қамап, Мұхаммедкәрім екі мәрте денесін тілгеннен кейін камераға ауыстырғанын айтқан. Думан құқығы тапталғанына наразылық ретінде аштық жариялағанын да жеткізген.
Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін журналист Думан Мұхамедкәрімге қарсы істі тоқтатуға шақырған болатын.