Алматыдағы төбелесте жас жігіт пышақталды: алты адам ұсталды
Алматыда түнде болған жаппай төбелестен кейін бір кісі пышақ жарақатын алған. Ізінше, алты адам ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға қалай болды
Полиция мәліметінше, түн ортасында «102» арнасына көшеде қолдарына пышақ ұстаған бір топ жас жүргені туралы хабарлама түскен. Оқиға Аксай шағын ауданында болған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жанжал барысында бір жас жігіттің пышақ жарақатын алғанын анықтады.
«Ізін суытпай жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында “Буран-308” экипажы оқиғаға қатысы болуы мүмкін алты жас жігітті ұстады. Олардың кейбірінің киімінен қанға ұқсас іздер табылды. Сондай-ақ тергеу үшін маңызды заттай айғақтар тәркіленді», – делінген полиция хабарламасында.
Тергеу жалғасып жатыр
Ұсталғандардың барлығы тергеу әрекеттерін жүргізу үшін Әуезов аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Қазір полиция оқиғаның толық мән-жайын, жанжалдың туындау себептерін, әр қатысушының рөлін және жәбірленушіге пышақ жарақатын салған адамды анықтап жатыр.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.