«Дер кезінде айтылған үндеу»: Украина билігі Тоқаевтың Путинге ұсынысын жоғары бағалады
Украина СІМ басшысы Қазақстан президентінің мәлімдемесі парасатты үндеу деп атады
Украинаның cыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге қақтығысты уақытша доғару туралы ұсынысы жөнінде ресми ұстанымын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сибига не дейді
Андрей Сибига Қасым-Жомарт Тоқаевтың Владимир Путинге соғысты тоқтататын уақыт келгенін айтқанын жоғары бағалады.
“Бұл – шынайы жағдайға негізделген, дер кезінде айтылған әрі парасатты үндеу. Украина соғысты қазіргі майдан шебі бойында тоқтатып, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге көшуді ұсынды. Алайда Кремль бейбітшілікке бастайтын осы айқын жолдан әлі де бас тартып келеді. Путиннің баспасөз хатшысы Қазақстан президентінің бұл ұсынысын да қабылдамады. Түйіндей айтқанда, Мәскеу шынайы бейбітшілік бастамаларын қабылдауы үшін оған түсетін қысым күшейтілуі тиіс”, – деп жазды Сибига.
Тоқаев Путинге не деді
Еске сала кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда Ресей президентімен кездесу кезінде Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуды ұсынған еді.
«Мұның бәрін тоқтату керек. Өйткені, менің ойымша, болып жатқан жағдай қарсыластарға тиімді және оларды қуантпауы мүмкін емес. Ресейдің де, Украина мемлекетінің де» – деді ол.
Қазақстан президенді өзіне Еуропа мен АҚШ-тан Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты көп белгі түсіп жатқанын айтты. Ол сонымен бірге “бұл қақтығыстың табиғаты көп адамға түсініксіз, оның ішінде бізге де” деді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты уақытша доғаруды ұсынуы әлемдік медиада қызу талқыланып жатыр. Омбыда айтылған әңгіме БАҚ-тардың басты тақырыбына айналып, сарапшылардың сан-саққа жүгірткен пікіріне арқау болды. Саясаттанушы Жанат Момынқұлов Тоқаев “тек мәлімдеме жасаған жоқ, дипломатиялық қадам жасады” деп санайды.