Зеленский АҚШ-қа барады: Ақ үйде болатын кездесу жайлы не белгілі
АҚШ президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен 28 шілдеде Вашингтонда кездесуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі Ақ үйдегі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.
Зеленский Ақ үйден ресми растауды күтіп отыр
Reuters мәліметінше, Украина президенті АҚШ-қа баруға мүдделі. Алайда оның командасы сапардың нақты кестесі бойынша Ақ үйден ресми растауды күтіп отыр.
Басылымның украиналық дереккөзі Киев пен Вашингтон өкілдері Ресейге соғысты тоқтатуға бағытталған жаңа ұсыныстар топтамасын әзірлеп жатқанын айтты. Соның ішінде әуе кеңістігінде уақытша бітім жариялау мәселесі де қарастырылып жатыр.
Киевтің бұрынғы ұсынысы қабылданбаған
Дереккөздің айтуынша, Украина бұған дейін Ресей президенті Владимир Путинге атысты тоқтату туралы ұсыныс жасаған, алайда Мәскеу бұл бастаманы қабылдамаған.
Соған қарамастан, кейбір сарапшылар Ресей экономикасына дрондар мен зымыран шабуылдарының күшеюінен түсіп жатқан қысым Кремльдің ұстанымын өзгертуі мүмкін деп есептейді.
АҚШ пен Украина жаңа келіссөздерді талқылауда
22 шілдеде Владимир Зеленский АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен телефон арқылы сөйлесіп, Ресеймен бейбіт келіссөздерді қайта бастау мүмкіндігін талқылады.
Осы әңгімеден кейін Зеленский Украина мен АҚШ өкілдерінің жақын күндері Америка Құрама Штаттарында кездесуі мүмкін екенін мәлімдеген.
Ал 24 шілдеде Украина Қорғаныс министрлігінің уақытша басшысы Евгений Хмара, Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Михаил Драпатый және Бас штаб бастығы Игорь Скибюк Киевте АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэттью Уитэкермен кездесті. Тараптар Ресейге қарсы әскери іс-қимыл стратегиясын, әуе қорғанысын күшейту және Patriot зымыран кешендерін орналастыру мәселелерін талқылады.
Зеленский Линдси Грэмді ақтық сапарға шығарып салуға қатысуы мүмкін
24 шілдеде Трамптың жақтаушысы, блогер Лора Лумер Владимир Зеленскийден сұхбат алып, Украина президентінің келесі аптада АҚШ-қа барып, Дональд Трамппен кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Лумердің айтуынша, Зеленский сондай-ақ 28 шілдеде Вашингтонда өтетін республикашыл сенатор Линдси Грэмді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысуды көздеп отыр. Reuters мәліметінше, аталған рәсімде Дональд Трамп сөз сөйлейді, ал сенатор 29 шілдеде туған жері – Оңтүстік Каролина штатында жерленеді.
Линдси Грэм Украинаға әскери көмекті қолдаған саясаткерлердің бірі болды. Ол Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды басқыншылығы басталғаннан бері бұл елге он рет барған.