Қазақстан мен БАӘ бір-бірінің жүргізуші куәліктерін өзара мойындады: нені ескерген жөн
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) бір-бірінің жүргізуші куәліктерін өзара танутуралы келісімді күшіне енгізді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың 25 шілдесінен бастап күшінде болатын бұл құжат екі ел азаматтарының жүргізуші куәліктерін пайдалану мен айырбастау рәсімін едәуір жеңілдетеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстандықтар үшін қандай мүмкіндік ашылды
ІІМ түсіндіруінше, енді Қазақстан азаматтары Біріккен Араб Әмірліктерінде уақытша жүрген кезде қазақстандық жүргізуші куәлігін Әмірліктердің заңнамасына сәйкес пайдалана алады.
Ал егер азамат БАӘ-ге тұрақты тұруға көшсе, онда В санаты (жеңіл автокөліктер) және В1 қосалқы санаты (үш доңғалақты көліктер мен квадроциклдер) бойынша жүргізуші куәлігін теориялық және практикалық емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға мүмкіндік беріледі.
БАӘ азаматтарына да дәл осындай тәртіп қолданылады
Жеңілдетілген тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға көшетін Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтарына да қатысты болады. Яғни олар да ұлттық жүргізуші куәлігін Қазақстанда қайта емтихан тапсырмай айырбастай алады. Бұл екі ел арасындағы өзара тану қағидатына негізделген.
Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін не қажет
Жүргізуші куәлігін айырбастау кезінде азаматтар мынадай құжаттарды ұсынуы тиіс:
- жарамды ұлттық жүргізуші куәлігі;
- жарамды тұруға ықтиярхат;
- жүргізуші куәлігінің ресми аудармасы (БАӘ-де – араб тіліне, Қазақстанда – қазақ немесе орыс тіліне);
- міндетті медициналық тексеруден өткені туралы құжат.
Министрлік айырбастау кезінде ұлттық жүргізуші куәлігі тәркіленбейтінін атап өтті. Айырбастау рәсімі аяқталғаннан кейін екі мемлекеттің уәкілетті органдары бір-біріне бұл туралы ресми хабарлама ғана жолдайды.
Жеңілдетілген рәсім тек В санаты мен В1 қосалқы санатына ғана қолданылады.
Ал басқа санаттағы жүргізуші куәліктерін айырбастау қабылдаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
Ішкі істер министрлігі аталған келісім Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, екі ел азаматтары үшін әкімшілік рәсімдерді барынша жеңілдететінін атап өтті.
Сонымен қатар ведомство шетелге шығатын қазақстандықтарға заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
«Шетелде жүрген кезде барған елдің заңнамасын, дәстүрін, қоғамдық тәртіп нормалары мен мәдениетін құрметтеу қажет. Әрбір азамат шетелде өзін ғана емес, өз мемлекетін де танытады. Заңға бағынатын әрі жауапты мінез-құлық Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастырудың маңызды бөлігі», – деп мәлімдеді ІІМ.