Қаржы сарапшылары мен экономистер теңге бағамының күрт әлсіреу себептері мен ұлттық валютаның қазіргі «ауруы» қанша уақытқа созылатынын әлі талқылап келеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
АҚША МАССАСЫ АРТТЫ
Белгілі экономист Алмас Чукиннің айтуынша, валюта нарығындағы қазіргі жағдайға Ұлттық қордан жасалған шамадан тыс трансферттер себеп болған.
– Теңгенің әлсіреуінің басты себебі – инфляция. Ал инфляцияның өзі экономика мүмкіндіктерінен әлдеқайда жылдам өсіп жатқан ақша массасынан туындайды. Ақша массасының артуы – нақты экономикада өндірілмеген, мұнай өндіруден түсетін табиғи рента есебінен Ұлттық қордан құйылып жатқан қаражаттың нәтижесі, – дейді экономист Алмас Чукин.
Оның деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі номиналды түрде 15%-ға (119 трлн теңгеден 137 трлн теңгеге) өскен. Бірақ инфляцияны есепке алғанда нақты өсім – бар болғаны 4,8%. Ал осы кезеңде ақша массасы 19,2%-ға өсіп, 45 трлн теңгеге жеткен. Бұл – экономикаға шамамен 7 трлн теңгенің артық құйылғанын көрсетеді.
– Ақша мөлшері көбейіп кетті. Ішкі өндіріс артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз ете алмай жатыр. Ішкі инфляция өсіп, салдарынан импортты тауарлар бағасы артты. Халық арзан тауар іздеп импортқа жүгінеді. Импорт өскен сайын валютаға сұраныс көбейеді. Валюта жетпеген соң еріксіз қымбаттайды, – деп түсіндіреді сарапшы.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ ШЫНДЫҚ ҚАЙСЫ
Чукиннің айтуынша, доллардың 540–560 теңге аралығында болуы – қазіргі экономикалық шындық. Ол 2026-шы жылы доллар тағы 40–50 теңгеге қымбаттап, қазақстандықтар 2027 жылды доллардың 600 теңге шамасындағы бағамымен қарсы алуы мүмкін деген болжам жасайды.
– Әдетте теңге жазғы құлдыраудан кейін ақпан-сәуір айларында сәл нығаяды. Бұл жерде жалпы тренд те маңызды. Ал ол ұлттық валютаның ішкі құнымен анықталады. Биылдың өзінде инфляция теңгенің құнын 11-12%-ға кемітеді. Менің есептеуімше, теңге бағамы инфляцияның әр 10 пайызына шамамен 4 пайызға төмендейді. Бұдан бөлек, теңгеге қарсы жұмыс істеп тұрған бірнеше маңызды фактор бар, – дейді экономист.
Сарапшы атап өткен сол факторлардың қатарында – мұнай бағасының төмендеуі, шетелдік инвестициялардың елден кетуі, үкіметтің ірі көлемдегі мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар арқылы теңге массасын арттыруы және экономикада жүріп жатқан «дедолларизация» шаралары бар.