TOP-2Экономика

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда келісімі күшіне енді: құжат екі елге не береді

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі күшіне енді. Бұл туралы Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Аталған құжат Қазақстанда 2026 жылғы 17 ақпанда ратификацияланған болатын.

Келісімнің мақсаты қандай

Жаңа келісімнің негізгі мақсаты – ЕАЭО елдері мен Моңғолия арасындағы сауданы жеңілдетіп, тауар айналымын арттыру. Яғни, кәсіпкерлер үшін экспорт пен импорт жасау бұрынғыдан оңай әрі тиімді болмақ.

Қандай өзгерістер енгізілді?

Келісім аясында 367 тауарлық субпозиция бойынша импорттық кедендік баждар толықтай алынып тасталады немесе төмендетіледі. Бұл жеңілдіктер ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы жалпы сауда көлемінің шамамен 90 пайызын қамтиды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгеріс тауарлардың бағасын төмендетіп, экспорт көлемінің артуына ықпал етуі мүмкін.

Қазақстан қандай тауарларды экспорттай алады?

Кедендік жеңілдіктердің арқасында қазақстандық кәсіпкерлер Моңғолияға мынадай өнімдерді тиімді жағдайда экспорттай алады:

  • астық өнімдері (бидай, арпа, жүгері);
  • құс еті;
  • сүт өнімдері (йогурт, ірімшік, сары май);
  • бал;
  • күнбағыс майы;
  • қант;
  • шоколад және кондитерлік өнімдер;
  • нан-тоқаш өнімдері;
  • су, шырын, джем;
  • алкоголь және темекі өнімдері.

Сонымен қатар металлургия өнімдері, ферроқорытпалар, прокат, құбырлар, трансформаторлар, локомотивтер, автомобильдер, полимерлер, пластмасса бұйымдары және химия өнеркәсібінің өзге де өнімдерін экспорттауға мүмкіндік кеңейеді.

Келісім қанша уақытқа жасалды?

Уақытша сауда келісімі үш жылға жасалған. Құжатта оның мерзімін автоматты түрде ұзарту және болашақта толыққанды еркін сауда туралы келісімге көшу мүмкіндігі де қарастырылған.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, келісім қазақстандық тауарлардың Моңғолия нарығына шығуына қолайлы жағдай жасап, экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ЕАЭО елдері мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарды игеруге жол ашады.

Back to top button