Ұлттық банк автонесиелерге берілетін жеңілдіктер бойынша шешімді қашан қабылдайды
Автонесиелеу көлемінің өсуімен қатар несиелердің сапасы да біртіндеп нашарлап келеді.
Қазақстан Ұлттық банкі автонесиелер көлемінің қарқынды өсуіне байланысты жеңілдетілген автонесие шарттарын қайта қарау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Астанада өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Автонесиелер рекордтық қарқынмен өсіп жатыр
Ұлттық банк басшысының айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстандағы автонесиелер портфелі шамамен 60% өскен. Бұл көрсеткіш реттеуші тарапынан алаңдаушылық туғызуда.
Тимур Сүлейменов бірнеше жыл бұрын отандық автокөлік өндірісін қолдау мақсатында жаңа автокөліктерге берілетін несиелер бойынша қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) уақытша алып тасталғанын, ал қолданыста болған көліктерге бұл талап айтарлықтай жеңілдетілгенін еске салды.
Ұлттық банк несиелердің сапасын бақылауда ұстап отыр
Реттеушінің мәліметінше, автонесиелеу көлемінің өсуімен қатар несиелердің сапасы да біртіндеп нашарлап келеді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі таңда автонесиелердің 5–7%-ы мерзімі кешіктірілген несиелердің үшінші сатысына өткен. Сондай-ақ, кейбір банктер проблемалық несиелерді баланстан шығара бастаған.
Ол Ұлттық банк бұл жағдайды жіті бақылап отырғанын және нақты жағдайды бұрмалайтын статистиканың қалыптасуына жол бермейтінін айтты.
Автосаланы қолдау тетіктері өзгеруі мүмкін
Тимур Сүлейменовтің пікірінше, бүгінде қазақстандық автокөлік өндірісі тұрақты жағдайда жұмыс істеп тұр, сондықтан саланы қолдау жеңілдетілген несиелер арқылы емес, өнеркәсіптік субсидиялар, салықтық және кедендік жеңілдіктер арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Сонымен қатар, теңгенің нығаюы импорттық автокомпоненттердің құнын төмендетуге мүмкіндік беріп, өндірушілерге өзіндік құнын ұстап тұруға және қазақстандықтарға көліктерді қолжетімді бағамен ұсынуға көмектесіп отырғанын атап өтті.
Шешім жыл соңына дейін қабылданады
Ұлттық банк автонесиелер беру кезінде қарыз жүктемесі коэффициентін қолдануға қатысты түпкілікті шешімді 2026 жылдың соңына дейін қабылдауды жоспарлап отыр.
Қабылданатын шешім жаңа және қолданыста болған автокөліктерге берілетін несиелердің шарттарына әсер етуі мүмкін.
Қазақстанда автолизиң бағдарламасы жаңарады
Еске сала кетсек, бұған дейін Автолизиң бағдарламасы қайта іске қосылатыны, ереже қайта қаралып жатқаны туралы жазған болатынбыз.
«Қазақстан автомобиль одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Анар Мақашеваның айтуынша, автолизиңнің басты ерекшелігі – тұтынушы көлікті қандай талаптармен алатынын өзі таңдай алады. Бұл механизм азаматтарға қаржыландыру шарттарын икемдірек таңдауға мүмкіндік береді және дәстүрлі автонесиеге балама ретінде қарастырылады.