Иран АҚШ-тың атысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдамады
АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары бүгін 13-түн қатарынан жалғасты.
Иран билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың атысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдамады. Бұл туралы The New York Times басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ормуз бұғазы мәселесі шешілмеген
Басылымның мәліметінше, Иранды Ормуз бұғазын бақылау мәселесін қамтымайтын уақытша келісім қызықтырмайды. Сондықтан Тегеран Вашингтонның ұсынысын қолдамаған.
Ұсыныстың мазмұны жарияланған жоқ
The New York Times жазуынша, АҚШ ұсынған келісімнің нақты мазмұны белгісіз, алайда ол келіссөздер үстеліндегі жалғыз ұсыныс болған.
Трамп әскери әрекеттерді күшейтуге уәде берді
Басылым мәліметіне сәйкес, жаңа келісім бойынша талқылаулар жүріп жатқан кезде Дональд Трамп әскери операцияларды кеңейтіп, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдарға – көпірлер мен электр станцияларына соққы жасауға дайын екенін мәлімдеген.
Иранға жасалған шабуылдар жалғасуда
АҚШ-тың Иранға жасаған соққылары бүгін 13-түн қатарынан жалғасты. Хабарларға қарағанда, Бендер-Аббас порт қаласында жарылыстар болған. Сондай-ақ электр энергиясының үзілуі тіркеліп, бірнеше адамның зардап шеккені айтылды.
Бұған дейін АҚШ Иранға қайтадан соққы жасап, мұнай сатуға берілген рұқсаттың күшін жойғаны туралы жаздық. Вашингтонның мәлімдеуінше, Иранның әрекеті уақытша бітім режимін өрескел бұзып, халықаралық теңіз қатынасына қауіп төндірген.