Ресейге салынған жаңа санкциялар тізіміне тағы да Қазақстан компаниялары ілікті
Еуропа одағы Ресейге қарсы 21-санкциялар пакетін қабылдап, екі мақсаттағы тауарлар мен технологиялар экспортына қатысты шектеулерді күшейтті. Тізімге Қазақстанда тіркелген бірқатар компания да енген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ең ауқымды санкциялар топтамасы
Еуропа одағы кеңесі Украинаға қарсы соғыстың жалғасуына байланысты Ресейге 21-санкциялар пакетін бекітті. Жаңа шектеулер аталған ед экономикасының негізгі салалары мен соғысты қаржыландыру мүмкіндігіне бағытталған.
ЕО кеңесі мәліметінше, бұл жолғы пакет соңғы төрт жылдағы ең ауқымды жеке санкциялар топтамасы. Жалпы саны 218 санкция енгізілген. Оның ішінде 48 жеке тұлға мен 170 заңды тұлға бар.
Жаңа шектеулер аясында Еуропалық одақ 100-ден астам банк пен криптовалюта операторына, Ресейдің «көлеңкелі флотына» кіретін 40-тан астам кемеге, сондай-ақ Ресей мен Беларусьтегі бірнеше мұнай өңдеу зауытына санкция салды.
Құжатта көрсетілген елдер
Сонымен қатар мұндай тізімге алыс қашықтыққа ұшатын ұшқышсыз аппараттар өндіретін 50-ден астам әскери-өнеркәсіп кәсіпорны енгізілді.
Бұдан бөлек, ЕО кеңесі Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін қолдайды деген тағы 51 ұйымды екі мақсаттағы тауарлар мен технологиялар экспорты бойынша қатаң шектеулер қолданылатын тізімге қосты.
Құжатта бұл ұйымдардың бір бөлігі Қытайда (оның ішінде Гонконгта), Үндістанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Түркияда және Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқаны айтылған.