Жаңалықтар

Қазақстан Safest Countries for Investors 2026 рейтингіндегі өз айқындамасын жақсартты

Қазақстан халықаралық инвестициялық рейтингтердегі позициясын жақсартып, Орталық Азиядағы ең тұрақты инвестициялық нарық ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте нығайтты. Safest Countries for Investors 2026 рейтингінің мамыр айындағы жаңартылған нәтижесіне сәйкес, Қазақстан 150 мемлекеттің ішінде 53-орынға көтерілді, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Қазақстан 17 сатыға жоғарылады

Рейтинг қорытындысына сәйкес, Қазақстан 2025 жылдың қазан айындағы 70-орыннан 53-орынға көтеріліп, бірден 17 сатыға жоғарылаған.

Осылайша еліміз Орталық Азия мемлекеттері арасындағы көшбасшылық орнын сақтап қана қоймай, экономикасы әлдеқайда ірі бірқатар елдерді де артта қалдырды.

Сарапшылар мұны Қазақстан экономикасының тұрақтылығына, мемлекеттік саясаттың сабақтастығына және инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы реформаларға халықаралық сенімнің күшеюімен байланыстырады.

Бұл рейтинг нені бағалайды

Safest Countries for Investors рейтингі инвестиция көлемін емес, белгілі бір елдегі инвестициялардың ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен тұрақтылығын бағалайды.

Бағалау барысында бірнеше негізгі көрсеткіш ескеріледі:

  • макроэкономикалық тұрақтылық;
  • мемлекеттік басқару сапасы;
  • саяси тәуекелдер деңгейі;
  • валюталық тәуекелдер;
  • реттеуші ортаның тиімділігі;
  • экономиканың сыртқы дағдарыстарға төзімділігі.

Сондықтан бұл рейтинг халықаралық инвесторлар үшін елдің қаншалықты сенімді және болжамды нарық екенін көрсететін маңызды индикаторлардың бірі саналады.

Халықаралық сенім артты

Қазақстанның рейтингтегі жоғарылауы әлемдік экономикалық құбылмалылық жағдайында да елдің тұрақты даму әлеуетіне халықаралық қауымдастықтың сенімі артқанын көрсетеді.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан бүгінде шетелдік инвесторлар үшін саяси және экономикалық тұрғыдан болжамды, институционалдық негізі берік әрі инвестициялық тәуекелі салыстырмалы түрде төмен мемлекет ретінде қабылдануда.

Инвестициялық ахуалды жақсарту жалғасады

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын одан әрі күшейту мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырумен, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдірумен және бизнес жүргізудің ашық әрі түсінікті ережелерін қалыптастырумен тығыз байланысты.

Мамандардың айтуынша, мұндай оң үрдіс сақталған жағдайда Қазақстан халықаралық рейтингтердегі орнын одан әрі жақсартып қана қоймай, шетелдік капиталдың сенімін күшейте түседі. Бұл өз кезегінде ел экономикасының тұрақты өсіміне серпін беріп, Қазақстанның жаһандық инвестициялық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Back to top button