КҚК тоқтауынан Қазақстан бір күнде 30 млн доллар жоғалтты
Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 21,3%-ға қысқарды. Бұған Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Қара теңіздегі танкерлерге жасалған дрон шабуылдарынан кейін мұнай қабылдауды уақытша тоқтатуы себеп болған. Бұл туралы Reuters агенттігі саладағы дереккөздерге сілтеме жасап хабарлаған еді. Protenge телеграм-арнасы осының салдарынан Қазақстан бір күнде 30 млн доллардан қағылғанын есептеп шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Агенттік мәліметінше, 22 шілдеде Қазақстандағы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 215,6 мың тоннаға (тәулігіне шамамен 1,63 млн баррель) дейін төмендеген. Ал шілде айының басынан бергі орташа тәуліктік өндіріс 274 мың тоннаны немесе 2,07 млн баррельді құраған.
Ең үлкен құлдырау Теңіз кенішінде тіркелді
Reuters дереккөзіне сәйкес, өндірістің ең үлкен төмендеуі Теңіз кен орнында байқалған. Мұнда тәуліктік өндіріс көлемі 925 мың баррельден 406 мың баррельге дейін қысқарған. Әзірге Қазақстанның Энергетика министрлігі мен «Теңізшевройл» компаниясы бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Қазақстан күніне шамамен 30 млн доллар табыстан айырылды
Каспий құбыр консорциумы арқылы Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының 80 пайыздан астамы тасымалданады. Оның ішінде Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының мұнайы бар. Сондықтан құбыр жұмысының кез келген үзілуі өндіріс көлеміне бірден әсер етеді.
“Reuters жариялаған мәліметтерге сүйенсек, тәуліктік өндіріс шамамен 440 мың баррельге азайған. Brent маркалы мұнай бағасы бір барреліне 69–70 доллар шамасында екенін ескерсек, Қазақстанның бір күнде экспорттық түсім бойынша 30–31 млн доллар көлеміндегі әлеуетті кірістен қағылғанын бағалауға болады”, – делінген телеграм-арна хабарламасында.
Бұл қаражат бюджеттің тікелей шығыны болып саналмайды. Алайда құбыр жұмысының тоқтауы ұзаққа созылған жағдайда мемлекет мұнай экспортынан түсетін салықтар, кедендік төлемдер және өзге де мұнай кірістерінің бір бөлігін ала алмай қалуы мүмкін.