Без рубрики

Ақтөбеде болмашы кикілжіңге бола ер адамды көлікпен ұрлап әкеткен (Видео)

Ақтөбеде бірнеше адам бір азаматты күштеп көліктің жүксалғышына салып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Оқиғаға қатысты күдіктілер полиция тарапынан ұсталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Оқиға видеорегистраторға түсіп қалған

Полицияға бірнеше ер адамның азаматты күштеп Lexus маркалы автокөліктің жүксалғышына салып, оқиға орнынан кетіп қалғаны туралы хабарлама түскен. Адам ұрлау сәті куәгердің видеорегистраторына жазылып қалған. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері аталған көлікті анықтап, оның ішіндегі күдіктілерді ұстады.

Жанжал жолдағы ескертуден басталған

Полицияның мәліметінше, оқиғаға жол үстіндегі жанжал себеп болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жәбірленуші жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан кезде жүргізушінің әрекетіне ескерту жасаған. Осыдан кейін екеуінің арасында сөзге келу орын алған.

Арада біраз уақыт өткен соң күдіктілер жәбірленушінің үйінің маңына барып, оны күтіп тұрған. Ер адам таксимен өз шаруасымен шыққан кезде олар жолын бөгеп, таксиді тоқтатып, жәбірленушіні күшпен көліктен шығарып, өздерінің автокөлігінің жүксалғышына салып әкеткен.

Күдіктілер қамауға алынды

Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Back to top button