TOP-1ПікірЭкономика

«Басшыларын жауапқа тартса әлдеқайда тиімді»: Құспан NCOC-пен сот ісі жөнінде пікір білдірді

Қазақстанның Әділет министрлігі North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумының басқарушы директоры Джанкарло Руиға сот шешімін орындамаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарта алатынын ресми түрде ескертті. Әңгіме Каспийдегі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін аталған компанияның 5 миллиард доллар айыппұл төлеуіне қатысты болып отыр.

Reuters агенттігінің мәліметінше, министрлік компания басшысына сот актісін орындамаудың құқықтық салдары жөнінде ресми хабарлама жолдаған. Заңгер әрі экс-депутат Абзал Құспан бұл талапты толық қолдайтынын айтады. Десе де заңгер, бұл жағдайда Қазақстанның талабы негізі жағынан мінсіз болу керектігін де атап өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әділет министрлігі VS NCOC: заңгер не дейді

Заңгер жалпы, бұл ұстанымды толық қолдайды. Оның үстіне, бұл мәселені бұған дейін де бірнеше рет көтергенін де атап өтеді. Әңгіме тек қылмыстық жауапкершілік туралы емес, сонымен қатар мұнай операторларының лауазымды тұлғаларының экологиялық құқықбұзушылықтар үшін жеке жауапкершілігі туралы болып отыр.

“Қазақстанда заңнаманың ортақ қағидаты қалыптасқан: егер құқықбұзушылықты отандық бизнес субъектісі жасаса, жауапкершілік тек заңды тұлғаға ғана емес, тиісті шешімді қабылдаған немесе құқықбұзушылыққа жол берген нақты лауазымды тұлғаға да жүктеледі. Мұндай тетік әкімшілік кодексте көзделген және өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген», – дейді Абзал Құспан.

Экс-депутат сонымен қатар, 1990 жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында жасалған жекелеген өнімді бөлу туралы келісімдерге қатысты қоғамда бұрыннан бері бір пікір айтылып келе жатқанын еске салды. Оған сәйкес, ірі экологиялық айыппұлдардың белгілі бір бөлігі кейін операторларға қандай да бір жолмен, соның ішінде өндірілген шикізатты бөлуге байланысты тетіктер арқылы өтелуі мүмкін деген болжам бар. Абзал Құспан да дәл осындай тетік NCOC компаниясына қатысты қолданылады деп нақты айта алмайды. Алайда мұндай әңгімелер басқа бірқатар операторларға қатысты бұрыннан айтылып келе жатқанын, егер бұл рас болса, онда миллиардтаған теңгелік айыппұлдардың өзі компаниялар үшін қажетті алдын алу әсерін бермейтінін атап өтеді.

«Дәл сондықтан да басшылардың жеке жауапкершілігі әлдеқайда тиімді құралға айналады. Лауазымды тұлға қабылдаған шешімі үшін әкімшілік немесе тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін түсінген кезде, экологиялық талаптарды сақтау мәселесіне деген көзқарасы түбегейлі өзгереді. Сонымен бірге Қазақстанда заңды тұлғалар үшін қылмыстық жауапкершілік көзделмегенін ескеру қажет. Сондықтан қылмыстық қудалау туралы сөз болған жағдайда, ол тек әрекеттерінде немесе әрекетсіздігінде қылмыс құрамының белгілері бар нақты жеке тұлғаларға – басшыларға немесе өзге де лауазымды адамдарға ғана қатысты болуы мүмкін», – дейді ол.

Абзал Құспан десе де, мұнда бір маңызды шарт барын еске салады: кез келген қылмыстық қудалау құқықтық тұрғыдан мінсіз болуы, жеткілікті дәлелдемелерге негізделуі және заң талаптарына толық сәйкес келуі тиіс. Саяси астары бар деген, инвесторлардың құқықтары бұзылды деген немесе инвестициялық ахуал нашарлады деген пікір айтуға титтей де негіз қалмауы қажет.

Қазақстан айыппұлды өндіруге кірісті

Қазақстан билігі Қашаған кен орнын игеріп жатқан North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына салынған 4,9 млрд доллар мөлшеріндегі экологиялық айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіріп алу рәсімін бастағанын бұған дейін жазған едік. 

Әділет министрлігінің мәліметінше, экология талаптарын, нақтырақ айтқанда күкіртті сақтау ережелерін бұзғаны үшін салынған айыппұлды NCOC 20 шілдеге дейін ерікті түрде төлеуі тиіс болған. Айыппұлдың заңдылығы Қазақстан соттарының барлық сатысында қаралып, мемлекет пайдасына қарай шешім шыққан. Белгіленген мерзімде қаражат төленбегендіктен, енді оны мәжбүрлі түрде өндіріп алу рәсімі басталған.

Экологиялық айыппұл

Bloomberg бұған дейін агенттігі Қашаған жобасының операторлары 5 млрд доллар экологиялық айыппұл төңірегіндегі апелляцияда жеңілгенін хабарлады. Сол тұста North Caspian Operating Company (NCOC) электронды хат арқылы соттың бұл шешімімен келіспейтіндерін, күкірт сақтау әрекеті заңға сәйкес екенін жеткізген еді.
Back to top button