Желіде “үш әйелім бар” деп контент жүргізген жігітке айыппұл салынды (Видео)
Алматыда үш әйелі барын айтып, желіде контент жүргізген азаматтың жеке басы анықталып, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Заңға қайшы контент жариялаған
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, интернет кеңістігін тұрақты бақылау барысында құқыққа қайшы мазмұндағы жарияланымдар анықталған. Атап айтқанда, әлеуметтік желі қолданушысы Қазақстан заңнамасы мен қоғамда қалыптасқан жалпыға ортақ моральдық-адамгершілік құндылықтарға қайшы өмір салтын ашық түрде насихаттайтын материалдар жариялаған. Ол үш әйелі барын көрсетіп, сол үшін сынағандарға “бізге бәрібір” деп жауап берген.
Жедел жүргізілген тексеру барысында жарияланым авторының жеке басы анықталды.
Әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Полиция оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырғанын хабарлады (20 АЕК – 86 500 теңге айыппұл). Сондай-ақ құқық қорғау органдары азаматпен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Әңгімелесуден кейін ол әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған құқыққа қайшы материалдарды өз еркімен өшірген.
Полиция қандай ескерту жасады
Алматы полициясы әлеуметтік желілер жеке пікір білдіретін алаң ғана емес, қоғамдық ақпараттық кеңістік екенін еске салды.
Ведомствоның мәліметінше, заң талаптарына және қоғамда қалыптасқан моральдық-этикалық қағидаларға қайшы мінез-құлықты насихаттайтын, сондай-ақ отбасы институтының беделін түсіретін контентті тарату Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Осыған байланысты полиция азаматтарды әлеуметтік желілерде ақпарат жариялау кезінде заң талаптарын сақтауға, қоғамның моральдық-адамгершілік құндылықтарын құрметтеуге шақырды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram