«Қазір мінез-құлық бұзылысы бар балалар көп»: маман пікірі
Астана қаласында Қазақстандағы алғашқы болып ашылған ерте араласу орталығы 2022 жылдан бері жұмыс істейді.
«Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторы – Samruk-Kazyna Trust қолдауымен ашылған орталықта туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде шала туған нәрестелерге, неврологиялық және ортопедиялық даму бұзылыстарының қаупі бар сәбилерге дер кезінде диагностикалық, абилитациялық және оңалту көмегі көрсетіледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ерте араласу – баланың толыққанды дамуына жол

Ерте кезеңде көрсетілген көмек баланың дамуындағы ауытқуларды уақытылы анықтауға, қажетті оңалту жұмыстарын ең тиімді кезеңде бастауға және оның толыққанды дамуына мүмкіндік береді.
Орталықтың қызметін жыл сайын шамамен 600 бала пайдаланады. Балалармен мультидисциплинарлық мамандар тобы жұмыс істейді. Заманауи диагностикалық жабдықтар даму ерекшеліктерін ерте анықтауға және мүгедектіктің алдын алуға мүмкіндік береді. Балалар мен олардың отбасыларына невропатолог, реабилитолог, неонатолог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, логопед, дефектолог және психолог қызмет көрсетеді. Барлық мамандар арнайы даярлықтан өткен.
«Ай сайын туғаннан бастап 3 жасқа дейінгі 50, ал бір жылда 600 бала қабылдаймыз. Бізге балаларды педиатр, терапевт дәрігер бағыттайды. Балалар күн сайын 3 сағатқа келеді, ал жалпы курс 21 күнге созылады. Оңалту жұмыстары сәтті аяқталып, бала жүріп, сөйлеп кеткеннен кейін тұсау кесу рәсімін өткіземіз. Осы уақытқа дейін 131 баланың тұсауын кестік. Жалпы бұл жерге сал ауруына шалдыққан, мерзімінен бұрын туылған, тілі мен психикасында тежелуі бар, даун синдромы бар балалар, сондай-ақ тірек-қимыл жүйелерінде бұзылыстары бар балалар келеді», – дейді «Қамқорлық» ерте араласу орталығының меңгерушісі Дина Тажибаева.
131 баланың тұсауын кесілді

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта орталыққа мінез-құлық бұзылыстары бар балалар көп келеді.
«Бұл гаджетте көп отырумен, назар жетіспеушілікпен байланысты. Қазіргі уақытта баласы ғана емес, анасы да көп уақыт телефонда отырады, яғни қол бос емес, зейіні үнемі басқа жақта болатын, баласына «суық» аналар бар. Баласын осы жерге ата-әжесімен немесе бала күтушіге ертіп жіберетін ата-аналар бар. Біз оларға бала үшін ата-ананың орны бөлек екенін түсіндіреміз. Біздің орталықта «Ана мектебі» бар. Ол жерде сәбиді осындай орталыққа ертерек алып келіп, ертерек маманмен жұмыс істеу өте жақсы нәтиже беретінін түсіндіреміз. Мысалы, біздің орталыққа 24-25 аптада туылған сәби келді. Салмағы 640 грамм ғана. Оның басы алақанымызға сыйып кететін. Біз оны өз басын ұстауға, аунауға, еңбектеуге үйреттік. 18 айында өзі жүріп, балабақшаға барды. Осындай жағдайлар бізге шабыт береді», – дейді ол.
«Қамқорлық» орталықтары еліміздің 20 өңірінде жұмыс істейді

Бүгінде қор қолдауымен Қазақстан бойынша 20 «Қамқорлық» ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Олар Түркістан, Семей, Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Степногорск, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Өскемен, Тараз, Талдықорған, Орал, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл қалаларында, сондай-ақ Алматы облысының Байдібек би және Түркістан облысының Қапланбек ауылдарында орналасқан. Бұл өңірлердегі отбасыларға тұрғылықты жеріне жақын жерде мамандандырылған көмек алуға және оңалтуды уақытылы бастауға мүмкіндік береді.
Орталықтың қызметтері тегін. Жолдама алу үшін ата-аналар тұрғылықты жері бойынша емханадағы невропатолог дәрігерге жүгініп, орталыққа консультация алуға жолдама рәсімдеуі қажет.
«Қамқорлық» орталықтарының желісін дамыту – Samruk-Kazyna Trust қорының балалар мен отбасыларға қолжетімді әлеуметтік инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі. Қор жаңа әлеуметтік нысандар ашып қана қоймай, еліміздің барлық өңірлерінде сапалы әлеуметтік қызметтердің қолжетімді болуына жағдай жасап келеді.