Әр мекеме басшысы энергия ресурстарының тиімді жұмсалуына жауапты болуы керек – Нариман Төреғалиев
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өңірде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саясатын жүзеге асыру мәселелері қаралған кеңес өтті. Гибридті форматтағы жиынға құзырлы құрылым жетекшілері, Орал қаласы және барлық аудан әкімдері, кәсіпорын басшылары қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Күн тәртібінде не қаралды
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин баяндама жасады. Оның сөзінше өңірде 1087 субъект мемлекеттік энергетикалық тізілімге енгізілген. Былтыр мониторинг нәтижесінде 648 мемлекеттік мекемеге талдау жүргізіліп, 293-інде энергияны нормативтерден артық тұтыну көрсеткіші анықталды. Баяндамада мемлекеттік сатып алулар аясында энергия тиімді жабдықтардың заңнама талаптарына сәйкестігіне назар аудару қажеттігіне де екпін түсірілді.

Аймақта электр желілерінің тозу деңгейі 75,43%-ды құрайды. Соған қарамастан кейінгі 3 жылда электр энергиясының нақты ысырабы 15,41%-дан 13%-ға дейін төмендетілді. Техникалық ысыраптарды 1%-ға төмендету жылына шамамен 30 млн теңге қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Әкім қандай міндет жүктеді
Облыс әкімі энергия ресурстарын тиімді пайдалану, бюджет қаражатын үнемдеу, кезең-кезеңімен жасыл экономикаға көшу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы екенін атап өтті. Нариман Төреғалиев жергілікті атқарушы органдарға үнемдеу мәселесіне немқұрайды қарауға болмайтынын қатаң ескертті.

“Құрметті әріптестер! Бір ғана мысал, кейде қараңғы түспей жатып көше жарығы қосылып, уақытында өшірілмей қалады. Мұндай олқылық болмауы тиіс. Түптеп келгенде, энергия ресурстарын ұтымды пайдалану – коммуналдық шығынды азайту ғана емес, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, мемлекет мүлкін ұқыпты ұстау және әрбір мемлекеттік орган басшысы жауапкершілігінің көрсеткіші, – деді облыс әкімі.