TOP-2Жаңалықтар

Бишімбаевтың інісі Байжанов бостандыққа шығады

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істе төрт жылға сотталған Бақытжан Байжанов бостандыққа шығады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Байжанов бүгін шығады

Бұл туралы оның адвокаты Ғазиз Ынтықбаев ақпарат таратты. Қорғаушының айтуынша, Байжановқа жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қолданылған. Ол бұған дейін төрт жылға бас бостандығынан айырылған еді. 2025 жылы сот рақымшылық негізінде оның жазасын сегіз ай сегіз күнге қысқартқан. Ал 2026 жылдың сәуірінде Байжановқа қатысты рақымшылық жасау туралы сот шешімі күшіне енген.

Байжанов 22 шілдеде бостандыққа шығуға дайындалып жатыр.

Бақытжан Байжанов не үшін сотталды

Бақытжан Байжанов – бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың туысы әрі Астанадағы Gastro Center мейрамханасының директоры болған. Ол 2023 жылдың қарашасында Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында аса ауыр қылмысты жасырды деген айыппен сотқа тартылды.

Тергеу және сот материалдарына сәйкес, Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенова ауыр жағдайда жатқан кезде құқық қорғау органдары мен жедел жәрдем қызметіне дер кезінде хабарламаған. Сондай-ақ ол Қуандық Бишімбаевтың тапсырмасымен мейрамханадағы бейнебақылау жүйесіне қатысты әрекеттер жасап, тергеу үшін маңызды бейнежазбалардың жойылуына немесе өзгертілуіне ықпал еткен. Сот бұл әрекеттерді қылмыстың ізін жасыру және оның мән-жайын анықтауға кедергі келтіру деп бағалады.

2024 жылы 13 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бақытжан Байжановты қылмыстық кодексінің 432-бабы («аса ауыр қылмысты жасыру») бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Кейін бұл үкім апелляциялық және кассациялық сатыларда өзгеріссіз қалдырды.

Back to top button