TOP-2Жаңалықтар

Танкерлерге жасалған шабуыл: КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатты – Reuters

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 21 шілдеден бастап Қазақстан мұнайын қабылдауды уақытша тоқтатты. Бұған Қара теңіздегі теңіз терминалында мұнай тиеп жатқан танкерлерге жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) шабуылдары себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

КҚК мұнай қабылдауды неге тоқтатты

Reuters агенттігінің мәліметінше, КҚК 21 шілдеде мұнай қабылдауды тоқтату туралы шешім қабылдаған. Агенттік бұл ақпаратты мұнай-газ саласындағы үш дереккөзге сүйене отырып жариялады.

Бұған дейін, 20 шілдеде КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылғанын хабарлаған болатын. Алайда компания терминалдың зақымданғаны немесе оның жұмыс қабілетіне нұқсан келгені туралы мәлімет таратқан жоқ.

Chevron: Қызметкерлердің қауіпсіздігі – басты басымдық

КҚК-ның 15 пайыз үлесіне иелік ететін Chevron компаниясы жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді. Компания Reuters агенттігіне жолдаған жазбаша жауабында:

«Chevron Каспий құбыр консорциумы төңірегіндегі жағдайды бақылауды жалғастырып отыр. Қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау – біздің басты басымдығымыз. КТК жұмысына қатысты қосымша түсініктемені консорциумның өзінен алған жөн», – деп мәлімдеген.

Танкерлерге шабуыл

19 шілдеде КТК-ның Қара теңіздегі теңіз терминалына дрондар шабуыл жасаған. Оқиға мұнай тиеу жұмыстары жүріп жатқан кезде, ВПУ-1 және ВПУ-3 қалқымалы айлақтарында болған.

КТК мәліметінше, шабуылдың нысанасына екі мұнай танкері іліккен:

  • Asia танкері – «Теңізшевройл» компаниясының мұнайын тасымалдаған;
  • Nissos IOS танкерінде Kashagan B.V. мен «Матен» АҚ (ҚазМұнайГаз құрылымына кіреді) компанияларының мұнайы болған.

Қазақстанның мәлімдемесі

Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнай тасымалдайтын кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптап, мәлімдеме жариялады. Ізінше Энергетика министрлігі мәлімдеме таратқан еді. 

Сыртқы істер министрлігі 2026 жылдың 17 және 19 шілдесінде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптаған.

Осыдан кейін Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко Украинаның Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылға қатысы барын жоққа шығарған еді.

Шабуылдар былтыр да болған

2025 жылы Каспий құбыры концорциумы нысандарына жасалған Украина дрондарының шабуылы салдарынан Қазақстан 3,5 млн теңге мұнайды кем өндіргені бұған дейін хабарланған еді. 

Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан Украинаға наразылық білдірген еді. Алайда Украина өз мүддесіне қарай жауабын жолдаған. Ал Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған дрондық шабуылдардан кейін Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнайдың экспорттық бағыттарын қайта қарауға кіріскен.

Back to top button