ТЖМ тұрғындар СҚО-да «өртті тек шүберекпен сөндірді» деген ақпаратты жоққа шығарды

Кешелі бері әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының дала өртін ескі трактормен, шүберекпен сөндіріп жүрген видеосы қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың өрт сөндіру әрекеттерінің видеосын бірнеше БАҚ таратып “Техника қайда? Бұл қалай?” деп сұрақ қойысқан. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі өз тарапынан өртті тек шүберекпен сөндірді деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әңгіме қайдан шықты
Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылының тұрғындары ірі дала өртін арнайы техниканың емес, қолда бар құралдардың көмегімен сөндіруге мәжбүр болған деген видеоны бірнеше БАҚ құралы таратқан еді. Дәлел ретінде әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбаларды ұсынған.
Кадрларда ауыл тұрғындарының өрттің таралуына жол бермес үшін тракторлармен жер жыртып, жалынды шүберек пен басқа да қолда бар құралдармен өшіріп жатқаны байқалады. “Сондай-ақ олар көмек сұрап, ауылға апаратын жолдың нашарлығы төтенше жағдай қызметтерінің дер кезінде жетуіне кедергі келтіретінін айтады” делінген хабарламада.
ТЖМ жоққа шығарды
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 15 шілдеде расында да, Қайрат ауылы маңында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарының әкімшілік шекарасына жақын аумақта құрғақ шөп өртенген. Өрт 45 гектар аумақта толық сөндірілген. ТЖМ өртті сөндіруге Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының ТЖД бөлімшелері, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясынан 82 қызметкер мен 8 техника, сондай-ақ «Ақбұлақ» ауыл құтқарушылары мен жергілікті атқарушы органдардан 24 адам және 9 техника жұмылдырылғанын атап өтеді. Ведомствоның түсіндіруінше, өрт бірнеше бір-бірінен алшақ орналасқан ошақта шыққандықтан, күштер мен техникалар өртті бір мезгілде оқшаулап, оның әрі қарай таралуына жол бермес үшін бірнеше учаскеге бөлінген.
Сонымен қатар министрлік өртті тек шүберекпен, өрт сөндірушілердің қатысуынсыз сөндірді деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Азаматтық қорғау туралы заңға сәйкес, өрт сөндіру басшысы қосымша күштер мен құралдарды тартуға құқылы. Осыған байланысты өртті сөндіруге ерікті өртке қарсы құрылымдар, ауыл шаруашылығы ұйымдары және трактор техникасы жұмылдырылып, олар өрттің таралуын тоқтату үшін жер жыртып, минералдандырылған жолақтар жасаған. Өртті сөндірудің негізгі тәсілі арнайы өрт сөндіру техникасы арқылы жүзеге асырылған. Ал өрт сөндіру көлігінің жетуі немесе су беру мүмкін болмаған жерлерде табиғи өрттерді сөндіру қағидаларына сәйкес өрт сөндіру қалақтары (хлопушка), арқалық өрт сөндіргіштер және басқа да қолда бар құралдар пайдаланылған. Ведомство мұндай әдіс қолданыстағы нормативтік талаптарға сай келетінін және табиғи өрттерді сөндіруде кеңінен қолданылады. Сондай-ақ заңға сәйкес, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі дала өрттерін сөндіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады”, – делінген хабарламада.
ТЖМ тағы не дейді
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қазақстан аумағы шамамен 2,8 млн шаршы шақырымды құрайды. Оның едәуір бөлігін кең байтақ дала алқаптары алып жатыр. Сондықтан әлемнің бірде-бір дамыған елінде дала аумағының әрбір бөлігіне өрт сөндіру бөлімшелерін орналастыру мүмкін емес. Осыған байланысты табиғи және дала өрттерін сөндіруде ведомствоаралық өзара іс-қимылға, инженерлік техниканы пайдалануға және жергілікті күштерді жұмылдыруға негізделген кешенді тәсіл қолданылады.
Министрлік бұл жұмыста «Ауыл құтқарушылары» өрт бекеттерінің рөлі ерекше екенін атап өтті. Олар көбіне өрт шыққан жерге алғашқылардың бірі болып жетіп, негізгі күштер келгенге дейін жалынды оқшаулап, оның таралуына тосқауыл қояды. Бұл ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін арттырып, төтенше жағдайға ден қою уақытын едәуір қысқартады. Сондай-ақ тракторлардың көмегімен минералдандырылған жолақтар жасау дала және табиғи өрттермен күрестегі ең тиімді тәсілдердің бірі саналады. Мұндай әдіс өрттің үлкен аумаққа таралуын тоқтатуға мүмкіндік береді.
“Министрлік әлеуметтік желіде тараған жекелеген бейнежазбалар өртті сөндіру жұмыстарының нақты ауқымын және жұмылдырылған күштер мен техниканың толық көлемін әрдайым көрсете бермейді. Ең басты көрсеткіш – адамдарды, елді мекендерді және аумақтарды өрттен қорғау”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар ТЖМ дала өрттерін сөндіру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатқанына қарамастан, министрлік бөлімшелері еліміздегі барлық табиғи өртті сөндіру жұмыстарына қатысатынын атап өтеді.