TOP-2ЖаңалықтарПікір

Қазақстан мұнайы тиелген танкерлерге біз шабуыл жасаған жоқпыз – Украина елшісі

TCA басылымы Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майконың мәлімдемесін жариялады. Мәлімдемеде елші Украинаның Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылға қатысы барын жоққа шығарады, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Елші не дейді

Аталған басылымға сұхбат берген елші Украина Қазақстан тарапының 17 және 19 шілдеде Новороссийск порты акваториясында Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалдары арқылы қазақстандық мұнайды тиеп жатқан танкерлерге қатысты оқиғаларға алаңдаушылығын түсінетінін атап өткен.

“Мұны былай жеткізуге рұқсат етіңіздер: біз бұл алаңдаушылықты түсінеміз. Сонымен қатар, кез келген қорытынды тек расталған фактілерге ғана негізделуі тиіс екеніне сенімдімін. Бүгінгі таңда аталған шабуылдарды Украина тарапы жасағанын дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ. Сондықтан сіздерді Украинаға қатысты тікелей немесе жанама түрде асығыс әрі негізсіз айыптаулардан бас тартуға шақырамын.

Жуырда ғана Украина билігі Ресей тарапынан, соның ішінде украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану арқылы жасалуы мүмкін арандатушылықтар жөнінде ескерткен болатын. Біз халықаралық серіктестерімізге Ресейдің түрлі тактикаларды белсенді қолданып отырғанын хабарладық: Ресейдің радиоэлектрондық күрес жүйелері украиналық дрондардың жұмысына кедергі келтіріп, оларды істен шығара алады және кейбір жағдайларда оларды өз бақылауына алуға қабілетті”, – дейді елші.

Елші сондықтан Ресейдің осындай ұшқышсыз ұшу аппараттарын арандатушылық жасау және Украинаны қаралау әрекеттері үшін пайдалануы мүмкін деген нұсқаны мұқият тергеу қажет дейді ол.

«Соғыс әрдайым миллиондаған адамға өлшеусіз қайғы-қасірет пен қасірет әкеледі. Бірақ осындай зор трагедияның өзінде халықаралық құқық мойындаған белгілі бір қағидалар бар және оларды бұзу – әскери қылмыс болып саналады. Бейбіт тұрғындарды өлтіруге болмайды. Балаларды, әйелдер мен қарттарды азаптауға болмайды. Қыстың қақаған ортасында азаматтық инфрақұрылымды қиратып, миллиондаған адамды жылусыз, сусыз, электр қуатынсыз, тіпті баспанасыз қалдыруға болмайды. Зардап шеккендерге көмектесу үшін оқиға орнына асыққан құтқарушылар мен медицина қызметкерлерін қасақана өлтіруге болмайды. Ауыр жараланғандарды тасымалдап бара жатқан жедел жәрдем көліктеріне оқ атуға болмайды. Химиялық қаруды, соның ішінде бейбіт тұрғындарға қарсы қолдануға болмайды. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африка елдеріне украин астығын тасымалдап бара жатқан азаматтық кемелерге шабуыл жасап, миллиондаған адамды аштыққа ұшыратуға болмайды. Мен бұл қайғылы тізімді әрі қарай жалғастыра алар едім. Осында аталғанның барлығы – әскери қылмыс. Ал оған кінәлілер сөзсіз жауапқа тартылуы тиіс», – делінген мәлімдемеде.

Виктор Майко сонымен қатар, осы жағдайдың өзінде біздің ұстанымымыз өзгермейді деді. Украина Қарулы күштері азаматтық нысандарға, соның ішінде Ресей аумағында орналасқан нысандарға соққы жасамайтынын атап өтеді.

“Заңды әскери нысандар деп тек Ресейдің төрт жылдан астам уақыт бойы Украинаға, оның армиясына, бейбіт тұрғындарына, қоршаған ортасына және жеріміздегі бүкіл тіршілікке қарсы бұрын-соңды болмаған қатыгездікпен жүргізіп келе жатқан себепсіз қарулы агрессиясын қамтамасыз ететін әскери объектілер мен инфрақұрылым саналады.

Қазақстан, оның азаматтары, инфрақұрылымы және экономикалық мүдделері Украина тарапынан ешқашан әскери нысана ретінде қарастырылған емес және қазір де қарастырылып отырған жоқ. Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына немесе Қазақстан Республикасының өзге де экономикалық және энергетикалық нысандарына жасалған кез келген шабуыл Украина мүддесіне сай келмейді».

Украина Қазақстанды әрдайым дос мемлекет әрі Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастырады. Біз Украина мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет, сенім және сындарлы диалог негізінде бұдан әрі де дами беретініне сенімдіміз”, – деп түйді елші.

Қазақстанның мәлімдемесі

Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнай тасымалдайтын кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптап, мәлімдеме жариялады. Ізінше Энергетика министрлігі мәлімдеме таратқан еді. 

Сыртқы істер министрлігі 2026 жылдың 17 және 19 шілдесінде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптаған.

Шабуылдар былтыр да болған

2025 жылы Каспий құбыры концорциумы нысандарына жасалған Украина дрондарының шабуылы салдарынан Қазақстан 3,5 млн теңге мұнайды кем өндіргені бұған дейін хабарланған еді. 

Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты Қазақстан Украинаға наразылық білдірген еді. Алайда Украина өз мүддесіне қарай жауабын жолдаған. Ал Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған дрондық шабуылдардан кейін Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнайдың экспорттық бағыттарын қайта қарауға кіріскен.

Back to top button