TOP-2Жаңалықтар

Автолизиң бағдарламасы қайта іске қосылады: ереже қайта қаралып жатыр

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизиң бағдарламасы жаңартылған ережелермен қайта іске қосылады. Қазір бағдарламаға енгізілетін өзгерістер мемлекеттік органдардың келісу кезеңінен өтіп жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Автолизиң неге тоқтатылды

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, автолизиң бағдарламасы бірнеше ай бойы пилоттық режимде жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде түрлі мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар ескерту мен ұсыныс түскен. Сол себепті бағдарламаның жұмыс тетігін жетілдіру туралы шешім қабылданып, жаңа ережелер әзірленген. Қазір олар келісу рәсімінен өтіп жатыр.

Бағдарламада қандай өзгерістер болады

«Қазақстанның өнеркәсіптік инвесторлар одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Қайрат Еламановтың сөзінше, пилоттық кезең барысында азаматтар үшін белгілі бір тәуекелдер анықталған. Атап айтқанда, бұған дейін лизиң компанияларға қойылатын талаптар мен жеке тұлғаларға қаржылық лизиң беру тәртібі нақты айқындалмаған. Жаңа өзгерістер осы олқылықтарды жойып, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.

Автонесиеден айырмашылығы қандай

«Қазақстан автомобиль одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Анар Мақашеваның айтуынша, автолизиңнің басты ерекшелігі – тұтынушы көлікті қандай талаптармен алатынын өзі таңдай алады. Бұл механизм азаматтарға қаржыландыру шарттарын икемдірек таңдауға мүмкіндік береді және дәстүрлі автонесиеге балама ретінде қарастырылады.

Бағдарлама қашан іске қосылған еді

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизиң бағдарламасы 2025 жылы 1 желтоқсанда іске қосылды. Бұл бастама отандық автокөлік өндірісін қолдауға бағытталған қолданыстағы мемлекеттік шараларды толықтыру мақсатында енгізілген болатын. Мамандардың пікірінше, жеке тұлғаларға арналған автолизинг жеңілдетілген автонесиелердің қолжетімділігі төмендеп, коммерциялық несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жоғарылаған кезеңде көлік сатып алудың тиімді баламасына айналуы мүмкін.

Бағдарлама қайта іске қосылғаннан кейін азаматтарға арналған қаржыландыру тетіктері нақтырақ реттеліп, лизингтік қызмет көрсету талаптары ашық әрі қауіпсіз болады деп күтіледі.

Back to top button