Түнгі клубтағы жанжал: ескерту жасаған адамды екі рет атқан
Астанада сот түнгі ойын-сауық орындарының бірінде болған бұзақылық ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Клубтағылардың тыныштығын бұзған
Прокуратура мәліметінде сот үкімімен сотталушы газ қаруын қолдана отырып жасалған бұзақылық үшін кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды деп жазылған.
Сот анықтауынша, сотталған азамат ішімдік ішіп, «күлдіргіш газ» толтырылған шарлар пайдаланған соң түнгі клубқа келушілерге тиісіп, тыныштығын бұзған.
Күдікті қашып кеткен
Осы уақытта клуб қонақтарының бірі оған ескерту жасап, неліктен бұлай жасағанын сұраған.
“Бұған жауап ретінде ол қоғамдық тәртіп сақтауға тырыспай, ойын-сауық мекемесінде ұстап жүрген газ тапаншасымен жәбірленушінің кеуде тұсына екі рет оқ атқан. Салдарынан жәбірленуші дене жарақатын алды. Бұдан соң күдікті оқиға орнынан қашып кеткен”, – делінген прокуратура мәліметінде.