ЖаңалықтарТергеу

БҚО-да университет ректоры ұсталғаны жайлы ақпарат тарады

Құқық қорғау органдары ресми түсініктеме таратқан жоқ

Батыс Қазақстан облысындағы Махамбет Өтемісов атындағы университеттің ректоры Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы «Орал апталығы» басылымына сілтеме жасап.

Кабинеті мен үйінде тінту жүргізілген

Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Университет қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін Махамбет Өтемісов атындағы университеттің ректоры Нұрлан Серғалиев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Қазіргі уақытта оның жұмыс орнында тінту жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеп жатыр», – деп жазды ол.

Облыстық мәслихаттың депутаты

Нұрлан Серғалиев Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.

Ғылымды дамытуға бөлінген қаражатты жымқыру күдігі

Ресми түрде расталмаған ақпаратқа сәйкес, тергеу әрекеттері университетке ғылымды дамытуға мемлекеттен бөлінген қаражатты жымқыру күдігіне байланысты басталған.

Tizgin.kz тілшісі осы мәселеге қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сұрақ жолдады. Әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Back to top button