Жаңалықтар

Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі мүмкін

Қазақстан делегациясы Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясына қатысып жатыр. Жиын барысында Қазақстан ұсынған «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі нысандар» номинациясы қаралады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Пусанда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясы басталды

19 шілдеде Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясы өз жұмысын бастады. 29 шілдеге дейін жалғасатын жиынға ЮНЕСКО-ның Мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы конвенциясына мүше 196 мемлекеттен шамамен 3 мың делегат, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысуда.

Сессияның салтанатты ашылуына Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мён мен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед Әл-Анани қатысты.

Сессия аясында Комитет Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған 30 жаңа номинацияны, сондай-ақ тізімдегі 147 нысанның сақталу жай-күйіне қатысты есептерді қарайды.

Қазақстан Маңғыстаудың жартасы мешіттерін ЮНЕСКО-ға ұсынды

Қазақстан делегациясы сессия жұмысына ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетінің мүшесі ретінде қатысып отыр.

Ел үшін маңызды мәселелердің бірі – «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі нысандар» номинациясының қаралуы. Егер өтінім қолдау тапса, Маңғыстаудағы бірегей мешіттер мен тарихи-мәдени ескерткіштер ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізіледі.

Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған болатын. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Маңғыстаудағы бірегей жартасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмыстарын бастауды тапсырған еді.

Қазақстанның өтінімі бойынша түпкілікті шешім Бүкіләлемдік мұра комитетінің осы сессиясы барысында қабылданады деп күтілуде.

Back to top button