Отбасы банктің бұрынғы менеджері Максим Илешев бүгін әлеуметтік желіге шығып, “жемқорлықты әшкереленім үшін қызметтен босатты” деп мәлімдеген. Осыдан кейін Tizgin.kz тілшісі Отбасы банкке хабарласып, екі жақты да тыңдап көрді.
ШУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Әлеуметтік желіде «Отбасы банк» АҚ орталық кеңсесінің бұрынғы жобалық менеджері Максим Илешевтің мәлімдемесі бүгін тараған еді. Ол өз сөзінде банк ішіндегі жемқорлық пен заңсыз ақшалай жинау фактілерін әшкерелегені үшін жұмыстан қуылғанын айтқан. Сөзінше, 2023 жылдың соңында Максим Илешев «Отбасы банк» қызметкерлерінен заңсыз ақша жиналғаны туралы алғаш рет жария түрде мәлімдеген. Дәл осы әрекетінен кейін оны негізсіз жұмыстан шығарып жіберген.
«2023 жылы 30 қарашада мен банк басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимоваға оның орынбасарының туған күніне сыйлық алу үшін қызметкерлерден заңсыз ақша жиналғанын ресми түрде хабарладым. Тек біздің бір ғана басқармадан 2023 жылдың қазан айында 239 мың теңге жиналды. Жеке қабылдау сұрап едім, бас тартты. Содан кейін Президент әкімшілігіне жүгіндім. Осыдан кейін банк үш жыл ішінде жиналған ақшаны қызметкерлерге кері қайтара бастады. Бұл ерікті емес, мәжбүрлі түрде қайтару болды. 2024 жылдың мамыр айында Ұлттық экономика министрлігіндегі жиында банк басқарма төрайымының орынбасары Владимир Савченко сыйлық берілгенін растады», – дейді Илешев.
Дәлел ретінде ол видеоконференция жазбасын ұсынған. Жазбада «Владимир Савченко» деп көрсетілген адам заңсыз ақша жинауға қатысты тергеу жүріп жатқанын растайды, бірақ әзірге нақты қорытынды жасау ерте екенін айтады.
«Мен “Отбасы банк” басшылығының кейбір өкілдеріне қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның жұмыс істемейтініне өз көзім жетті. Банк құрылымы мен оның ауқымды ресурстары тек аз ғана топтың мүддесіне қызмет етеді. Барлық дәлелдер іс материалдарына тіркелген», – деді Илешев.
БАНК НЕ ДЕП ЖАУАП БЕРДІ
Tizgin.kz тілшісі “Отбасы банктің” баспасөз қызметіне хабарласып, жағдайды түсіндіруді өтінген. Банктің баспасөз қызметі 2023 жылы Отбасы банкі басқарма төрайымының орынбасарларының бірінің демалысы кезінде өзі жетекшілік ететін департаменттердің қызметкерлері оны туған күнімен құттықтауға шешім қабылдаған. Басшылықтың сыйлық беруге алдын ала тыйым салғанына қарамастан, департамент қызметкерлері өз басшысына құрмет көрсетіп, көңіл бөлгісі келіп, өз еріктерімен қаражат жинап, шапан сатып алған.
Мұндай сыйлықты таңдауы сәрсенбіде банк филиалдарындағы барлық келушілерді камзолдар немесе шапандардағы қызметкерлер қарсы алатынына байланысты. Бұл жай ғана сыртқы көріністің элементі емес, ұлттық дәстүрлерді, қонақжайлылықты және тұтынушыларға деген шынайы көзқарасты құрметтейтін корпоративтік мәдениеттің маңызды бөлігі. Сондықтан шапан сыйлық ретінде таңдалды. Сыйлық банктің басқарма төрайымының орынбасарына оның жұмысқа шыққан кезінде берілді. Алайда ол оны қайтарып, жиналған ақшаны қызметкерлерге қайтаруды талап етті. Дәл осы фактіні М. Илешев сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық ретінде келтіреді. Бұл туралы ол банк басшылығына хабарлады, – делінген жауапта.
Отбасы банкінде осы оқиғадан кейін ішкі тексеру басталған. Оның нәтижелері егжей-тегжейлі сипатталып, банктің бастамасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға қарау және құқықтық қорытынды жасау үшін жіберілген. Жауап ретінде сипатталған жағдайда қылмыс құрамы анықталмағаны туралы хат алынған.
“Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті күшейту үшін банкте басшылықтың қызметкерлермен кездесуі өткізілді. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнаманың және банктің ішкі құжаттарының талаптары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік және қолданылатын шаралар туралы түсіндірмелер берілді. 2024 жылы Отбасы банкінің қызметкері ретінде М. Илешев Алматы қаласының аудандық сотына талап арыз берді. Ол жалақы бойынша кемсітушілікті жоюды, ол үшін моральдық зиянды өндіріп алуды, жұмыс компьютерінде тыйым салынған бағдарламаны рұқсатсыз пайдаланғаны үшін салынған тәртіптік жазаны алып тастауды сұрады. Аудандық сотта бұл талап қанағаттандырылмады. Әрі қарай ол қалалық сотқа шағым түсірді. Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы аудандық соттың шешімін өзгеріссіз, ал талапкердің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. 2024 жылдың 20 және 26 қыркүйегінде М. Илешев жұмыс орнында болмады. Бұл ретте өзінің жоқтығын белгіленген тәртіппен ресімдеген жоқ, – делінген жауапта.
Отбасы банктің хабарлауынша, себепсіз жұмыс орнында болмау – бұл еңбек тәртібін бұзатын және еңбек шартының талаптарын бұзатын өрескел бұзушылық. Сондықтан, ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8-тармақшасына сәйкес банк қызметкер М. Илешевпен еңбек шартын тоқтатты, өйткені ол бір жұмыс күні қатарынан үш және одан да көп сағат бойы жұмыста дәлелсіз себептермен болмаған. Банктің мәліметінше, содан кейін М. Илешев Алматы аудандық сотына қайтадан талап арыз беріп, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, оның күшін жоюды және бұрынғы лауазымын қалпына келтіруді талап еткен.
“Сот, алдыңғы шешімі бойынша, банктің әрекеттері Еңбек заңнамасының нормаларына негізделгенін, М. Илешевтің еңбек құқықтарын бұзуға жол берілмегенін, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың заңды екенін анықтады. Сондықтан сот талап арызды қанағаттандырмады. Алматы қалалық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы да банктің іс-әрекеттерінде талапкердің еңбек құқықтарының бұзылуына әкеп соққан мән-жайларды анықтаған жоқ. Сондықтан аудандық соттың шешімін қалалық сот өзгеріссіз қалдырды, ал апелляциялық шағымды қанағаттандырмады, – делінген жауапта.
Баспасөз қызметі Отбасы банктің барлық әрекеттері заңды және заңнамаға сай болғанын мәлімдейді.