TOP-2Білім

Айдын Рахымбаев мектептерінің бірін мемлекетке тапсырады

BI Group компаниясының иесі әрі ірі акционері кәсіпкер Айдын Рахымбаев өзіне қарасты BINOM мектептерінің бірін мемлекет меншігіне беруге дайындалып жатыр. Бұл туралы компания Forbes Kazakhstan басылымына мәлім еткен.

Рахымбаев қай мектепті бергелі отыр

Әңгіме Астанадағы Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектебі туралы болып отыр.

«Мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) шартының бес жылдық мерзімінің аяқталуына байланысты мемлекеттік басқаруға беріледі. Бұл МЖӘ келісімінің талаптарында көзделген. BI Group ғимаратты, ондағы барлық жабдықтар мен инфрақұрылымды мемлекеттік құрылымның балансына ресми түрде өткізеді. Сонымен қатар педагогикалық және басқарушы ұжым да мемлекеттік білім беру жүйесіне ауысады», – деп хабарлады компания.

Мектепті мемлекетке 2026 жылдың тамыз айына беру жоспарланған. Компания осыған дейін нысанды жоспарлы түрде дайындап, ғимаратқа техникалық аудит жүргізген және мүлікті түгендеген. Мұндағы мақсат – мектептің жоба мен МЖӘ келісімінде көзделген барлық талаптарға толық сәйкес келуін қамтамасыз ету.

«26 тамызға дейін мектепті беру рәсімдерінің барлығы толық аяқталуы тиіс. Мемлекеттік тарап қабылдау-тапсыру актісіне қол қойған сәттен бастап мектеп ресми түрде мемлекеттік білім беру ұйымына айналады», – деп нақтылады компанияның баспасөз қызметі.

BINOM мектептері жайлы

BI Group холдингі BINOM мектептерін 2021 жылдан бастап әкімдіктермен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) аясында салып келеді. Қазір BINOM брендімен тоғыз мектеп жұмыс істейді. Оның алты білім ордасы Астанада, үшеуі Атырауда орналасқан. Ал Атыраудағы тағы бір мектеп 2026 жылдың қыркүйегінде ашылады деп жоспарланып отыр. Қалған BINOM мектептері де МЖӘ келісімшартының бес жылдық мерзімі аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен мемлекет қарамағына өтеді.

2022 жылы холдинг Қазақстанның әрбір өңірінде BINOM мектебін ашу жоспары бар екенін мәлімдеген болатын. Әрбір мектеп 4 мың оқушыға есептелген. Қазір BINOM желісінде жалпы 36 мың бала білім алып жатыр. Оның 24 мыңы Астанада, 12 мыңы Атырауда оқиды.

BINOM мектептерін «Білім Болашағы» қоғамдық қоры басқарады. Қор 2022 жылы құрылған. 2026 жылғы 13 шілдедегі мәлімет бойынша, оның құрылтайшылары әрі тікелей иелері – Айдын Рахымбаев, Асхат Омаров және Бауыржан Исабаев.

BINOM мектептері BI Education экожүйесіне кіреді. Бұл компанияның құрылтайшысы – «General Contractors Group» Ltd. жеке компаниясы. Ол өз кезегінде «BI Group» Ltd. жеке компаниясы мен «BI Capital» ЖШС-не тиесілі.

BI Education тек BINOM жобасымен ғана айналыспайды. Компания сондай-ақ FARABI International School, Riviera International School, ALDI BI (балабақша), Quantum Education және BIART (креативті өнер мектебі) жобаларын жүзеге асырады.

Кәсіпкер жайлы

Айдын РахымбаевBI Group құрылыс холдингінің акционері әрі бас директоры (CEO). Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша ол Қазақстандағы тоғыз миллиардердің бірі саналады. 2026 жылғы мамырдағы мәліметке сәйкес, оның байлығы 1,1 млрд АҚШ долларына бағаланған. Ол Қазақстанның ең бай 75 кәсіпкері рейтингінде 9-орында, ең ықпалды 50 кәсіпкер рейтингінде 7-орында, ал рантьелер рейтингінде 20-орында тұр.

Сонымен қатар Айдын Рахымбаев «Ана үйі» қайырымдылық жобасы мен IQanat білім беру жобасының бастамашысы.

Бұған дейін миллиардер Айдын Рахымбаев байлығының тең жартысын қайырымдылыққа жұмсайтынын мәлім еткен еді.

Back to top button