Жаңалықтар

Димаштың Ресейде жоспарланған концерті өтпейтін болды

Халықаралық «Жаңа толқын» (New Wave) фестивалі аясында Қазанда әнші Димаш Құдайбергеннің шығармашылық кеші өтуі тиіс еді. Алайда ұйымдастырушылар оның орнына Ресейдің халық әртісі Юрий Антоновтың мерейтойлық жеке концертін өткізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Антонов қашан концерт өткізеді

Ресми ақпаратты «БИЗНЕС Online» басылымы бөлісті. Ұйымдастырушылар мәліметінше, мұның алдында Димаштың шығармашылық кешіне сатып алынған билеттер Юрий Антоновтың концертіне де жарамды болады.

Айта кетейік, көрермендер былтыр да Антоновтың «Жаңа толқын» фестивалінде өнер көрсетуін күткен болатын. Алайда сахнаға шығар алдында әншінің денсаулығының нашарлап, ауруханаға жеткізілді. Соған қарамастан, келесі күні көрермен алдына шығып, өнер көрсетті.

Биыл «Жаңа толқын» фестивалі 20-26 тамыз аралығында Қазан қаласында өтеді. Бағдарламаға үш байқау күні, кеңестік композитор Раймонд Паулс пен Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Игорь Сарухановтың шығармашылық кештері, қазылар алқасы мүшелерінің жаңа әндерінің тұсаукесері мен дәстүрлі гала-концерт енгізілген.

Фестивальге кімдер қатысады

Фестивальге Филипп Киркоров, Анна Асти, Владимир Пресняков, Игорь Николаев, «Комната Культуры» тобы, Джиган және Ресей эстрадасының өзге де танымал өкілдері қатысады.

Биыл байқауда бес елден келген 13 орындаушы бас жүлде үшін бақ сынайды. Қазылар алқасына ресейлік композитор Игорь Крутой төрағалық етеді. Фестивальдің негізгі бағдарламасы New Wave Hall концерт залында өтеді.

Димаштың ШҚО-дағы концерті

Еске сала кетейік, мұның алдында танымал әнші Катонқарағай ауданына барып, халықаралық фестиваль аясында көрермен алдында өнер көрсеткен болатын. Көкпар, ақындар айтысы ұйымдастырылып, 50 мың адамның басын қосты.

Back to top button