TOP-2Жаңалықтар

Іздеуде жүрген Рысқалиев Атырау облысына әкім болған Ақшолақовты құттықтады

Құттықтау Бергей Рысқалиевтің Instagram парақшасында жарияланды

Бергей Рысқалиев құттықтауында Болат Ақшолақовтың басқарушылық тәжірибесі мол екенін, оның мұнай-газ саласын терең меңгерген маман екенін атап өткен. Оның пікірінше, дәл осындай кәсіби біліктілік бүгінде Атырау облысына аса қажет, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Рысқалиев не дейді

Сонымен қатар бұрынғы әкім өңір басшысы тұрғындардың үнін естіп, қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуі, басымдықтарды дұрыс айқындауы және қабылданатын шешімдер үшін жеке жауапкершілікті қамтамасыз етуі маңызды екенін айтқан. 

«Бүгінде ең маңыздысы – халықтың үнін есту, қордаланған мәселелерді шешуге жүйелі түрде қарау және басымдықтарды дұрыс айқындау. Тиімді жұмыстың негізі – мықты ұйымдастыру, тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылау және қабылданатын шешімдер үшін жеке жауапкершілік. Облыс әкімінің өңірдегі мәселелердің басым бөлігін шешуге жеткілікті өкілеттігі бар. Ең бастысы – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, биліктің барлық тармақтарының жұмысын үйлестіріп, өңір тұрғындарының барлық санатымен тынымсыз жұмыс істеу. Атырау облысының тұрғындары игілігі жолындағы қызметіне табыс пен жемісті еңбек тілеймін», – дейді ол.

Болат Ақшолақов жайлы

Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі лауазымына осы аптада тағайындалды. Ол бұрын энергетика министрі, Kazenergy компаниясының төрағасы болған.

Болат Ақшолақовқа дейін өңірді төрт жыл бойы Серік Шәпкенов басқарған еді. 

Рысқалиев не үшін іздеуде жүр

Бұл құттықтау көпшіліктің назарын аудартып отыр, себебі Бергей Рысқалиев Қазақстандағы кадрлық тағайындаулар жайлы пікірін өте сирек білдіреді. Сондай-ақ ашық дереккөздерде оның бұған дейін Болат Ақшолақовпен бірге жұмыс істегені немесе бір басқару командасының құрамында болғаны туралы мәлімет кездеспейді. Олардың кәсіби жолы қатар өрбігенімен, Рысқалиев облысты басқарған кезеңде Ақшолақов мұнай-газ саласында жүрген.

Бергей Рысқалиев 2006-2012 жылдары Атырау облысының әкімі қызметін атқарды. Қызметінен кеткеннен кейін оған ұйымдасқан қылмыстық қауымдастық құрды, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады және бюджет қаражатын жымқырды деген айыптар бойынша қылмыстық істер қозғалды. 2019 жылы ол сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырылды.

Рысқалиев өзіне қатысты қылмыстық қудалауды саяси астары бар іс деп есептейді. Қазақстан билігінің мәліметінше, ол елден тыс жерде жүр. Ал оны экстрадициялау мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған.

Back to top button