«Боратты ғана білетінмін»: Ресей блогерінің Қазақстан жайлы әзілі дау туғызды
Ресей блогері әрі режиссер Илья Лучкин Қазақстанға жасаған сапарынан кейін әлеуметтік желіде сынның астында қалды. Ол 7DAYS круассандарының жарнамасын түсіру үшін Қазақстанға келгенін айтып, бұған дейін ел туралы білгені тек «Борат» фильмімен шектелгенін жеткізген, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сонымен қатар ол Қазақстанға келер алдында «адамдар сиыр мініп жүреді деп ойлағанын», алайда мұнда электрлі көліктерді көргенін әзіл ретінде айтқан.
Бұл мәлімдеме әлеуметтік желілерде кең тарап, қазақстандықтардың наразылығын туғызды. Көпшілік мұндай әзілдерді ескірген әрі Қазақстанға құрмет танытпау белгісі деп бағалады. Әсіресе елге жұмыс істеуге келген адамның осындай стереотиптерді қайталауы орынсыз екенін жазған пікірлер көп болды.
Пікір білдірушілердің бір бөлігі халықаралық брендтердің жарнамалық жобаларға неге қазақстандық креатив мамандардың орнына Ресейден мамандар шақыратынын да сынға алды. Олар мұндай шешімнің жергілікті шығармашылық индустрияға деген көзқарасқа қатысты сұрақтар туындататынын айтты.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірқатары 7DAYS компаниясын жағдайға қатысты ресми түсініктеме беруге шақырды. Ал кейбірі осы оқиғадан кейін бренд өнімдерін сатып алмайтындарын мәлімдеді.
Желі қолданушылары «Борат» фильмі Қазақстан туралы шындыққа жанаспайтын әрі қорлайтын стереотиптерді қалыптастырғанын еске салып, мұндай салыстырулар мен әзілдердің бүгінгі күні күлкілі де, орынды да емес екенін атап өтті.