+40 градуста бетон жолдардың көтерілуі қалыпты құбылыс па

Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасының +40°С-тан асуына байланысты цементбетон жолдарда температуралық деформациялар тіркелуі мүмкін. Осыған байланысты Көлік министрлігінің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Температураның көтерілуі жол жамылғысына қалай әсер етеді
Орталықтың мәліметінше, аптап ыстық кезінде жол жамылғысының температурасы ауа температурасынан әлдеқайда жоғарылап, +65…+75°С-қа дейін жетуі ықтимал. Соның салдарынан цементбетон плиталары табиғи түрде кеңейіп, олардың ішінде ішкі кернеулер жиналады. Белгілі бір шекке жеткенде бұл құбылыс жол плиталарының көтерілуіне немесе қисаюына әкелуі мүмкін.
Мекеме бұл жағдайдың құрылыс технологиясының бұзылғанын немесе қолданылған материалдардың сапасыз екенін білдірмейтінін атап өтті. Мұндай құбылыс цементбетон жолдары кеңінен пайдаланылатын АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Австралия және басқа да елдерде бірнеше рет тіркелген.
Қазақстанда жолдарға тәулік бойы мониторинг жүргізіледі
Ведомствоның мәліметінше, әлемдік тәжірибеде аптап ыстық кезеңдерінде жолдардың жай-күйіне күшейтілген мониторинг жүргізіліп, профилактикалық жұмыстар атқарылады және анықталған ақаулар жедел түрде жойылады.
Қазір Қазақстандағы цементбетон жамылғысы бар автомобиль жолдары тәулік бойы бақылауға алынған. Жол қызметтері анықталған барлық ақауларды қолданыстағы нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес жедел жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Көлік министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдық екенін атап өтіп, жолдардың техникалық жай-күйіне ғылыми және техникалық мониторинг күшейтілген режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.