$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарОқиға

«Семей орманы» резерватындағы ашық өрт толық сөндірілді

Қазіргі таңда өртті толық жою жұмыстары жалғасуда, жағдай тұрақты бақылауда.

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында ашық өрт толықтай сөндірілді. Қазіргі уақытта мамандар бықсып жатқан жекелеген ошақтарды толық өшіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 17 шілде таңғы сағат 07:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 769 адам, 191 арнайы техника және 8 тікұшақ жұмылдырылған. Мамандар түні бойы өрттің таралуына жол бермей, жалын шебін сулап, оқшаулау жұмыстарын жүргізді.

Таңертең Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли өрт болған аумақты әуеден бақылап шықты. Таң атқан соң жетуі қиын жерлерге жаяу топтар жіберіліп, авиация бықсып жатқан ошақтарға су төгуді жалғастырды.

Министрлік мәліметінше, резерват аумағында ашық жалын жоқ. Өрт сөндіру жұмыстары басталғалы бері авиация 243 мәрте су төгіп, жалпы 546 тонна су жеткізген. Қазіргі таңда өртті толық жою жұмыстары жалғасуда, жағдай тұрақты бақылауда.

Еске салайық, орман өрті 16 шілде күні таңертең Бородулиха филиалының Қамышен орманшылығында тұтанған болатын. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК және басқа да қызметтердің күштері тартылды. Сонымен қатар, жақын маңдағы DosbolLike балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкер қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Кейін Премьер-министр Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар және Экология министрліктерінің басшыларына Абай облысына барып, өртті сөндіру жұмыстарын үйлестіруді тапсырды. Өртті ауыздықтауға Қазақстан Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері де қатысты.

Back to top button