Жаңалықтар

Салмағы 10 келіден аспауы тиіс: домбыраны ұшақпен тасымалдау жөнінде ереже әзірленді

Ұсынылып отырған түзетулер жолаушылар құқықтарын қорғауды күшейтіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЖОБА МАЗМҰНЫ ҚАНДАЙ

Көлік министрлігі 2015 жылғы 30 сәуірдегі Инвестициялар және даму министрінің №540 бұйрығымен бекітілген “Әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларына” өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі. Соған сәйкес, ұсынылып отырған түзетулер жолаушылар құқықтарын қорғауды күшейтуге, қызмет көрсету сапасын арттырып, қолданыстағы нормаларды әуе тасымалы саласындағы талаптарға сәйкестендіруге бағытталған.

Бұл жерде музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібін нақтылау көзделіп отыр. Жобаға сәйкес, белгіленген талаптар сақталса, оларды қол жүгі ретінде тасымалдауға мүмкіндік беріледі. Одан бөлек, жеке жолаушы орнына орналастырып, болмаса тіркелген багаж ретінде апару жағы қарастырылады. Бұдан өзге, қорғаныш қаптамасына салынған музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыра мен қобызды ұшақ салонында тасымалдауға рұқсат беру ұсынылмақ. Олардың өлшемі 110×35×30 см-ден, салмағы 10 келіден аспауға тиіс.

ЖАНУАРЛАРДЫ ДА ТАСЫМАЛДАУҒА БОЛА МА

Сондай-ақ, жоба аясында әуе компаниялары белгілеген талаптарға сәйкес жануарларды ұшақ салонында тасымалдауға мүмкіндік беру қарастырылған. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар жолаушыларға әуе тасымалы кезінде жеңілдіктер беру нормасын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылады.

Құжатта әуе кемесі сыйымдылығы төмен басқа әуе кемесіне ауыстырылса, жолаушыларды орналастырудың басым тәртібі де енгізілетін көрінеді. Осыған сәйкес, алдымен кәмелетке толмаған жолаушылардың, мүгедектігі бар адамдардың, ауыр науқастар, жүкті әйелдер мен зейнеткерлер тасымалы қамтамасыз етіледі.

ЖОБА ТАЛҚЫЛАУҒА ШЫҒАРЫЛДЫ

Жолаушылар құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жолаушыны жеткізудің кешігуіне байланысты айыппұлды төлеудің нақты мерзімін белгілеу ұсынылады. Яғни, тиісті өтініш берілген күннен бастап төлем 10 күнтізбелік күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар, тасымалдаушының кінәсі дәлелденсе, тіркелмеген қол жүгінің бүлінуіне байланысты әуе компанияларының жауапкершілігін белгілеу көзделген.

Нормативтік құқықтық актінің жобасы талқылау үшін “Ашық НҚА” интернет-порталында орналастырылған. Барлық мүдделі тұлға құжатпен танысып, белгіленген тәртіппен өз ұсыныстарын жолдай алады.

Back to top button