Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды
Мемлекет басшысының Жарлығымен Дастан Адайұлы Рыспеков Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Рыспеков Дастан Адайұлы Ұлытау облысының әкімі қызметінен босатылды», – делінген хабарламада.
Дастан Рыспеков Ұлытау облысының әкімі қызметіне 2024 жылғы қазанда тағайындалған болатын.
Экс-әкімнің еңбек жолы
Дастан Рыспеков 1984 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және ҚазГЗУ жанындағы Алматы заң академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің түсімдерді болжау бөлімінің бас маманы болып бастаған.
2007–2016 жылдары Алматы қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде, Алматы қаласының Тексеру комиссиясында және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде басшылық қызметтер атқарған.
2016–2018 жылдары «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Бухгалтерлік есеп және есептілік департаментінің директоры – бас бухгалтері болды.
2018–2019 жылдары Павлодар облысы Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасын басқарды.
2019 жылдың сәуір айынан бастап «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарды.
2020 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы болды.
2024 жылғы қазаннан 2026 жылғы 17 шілдеге дейін Ұлытау облысының әкімі қызметін атқарды.