$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Жаңалықтар

Бектенов екі министрді шұғыл түрде өрт болып жатқан “Семей орманына” жіберді

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша «Семей орманы» аумағындағы жұмыстарды үйлестіру үшін төтенше жағдайлар және экология министрлері өңірге жіберілді, деп хабарлайды Үкімет.

Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа «Семей орманы» аумағында орман өртін сөндіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында Абай облысына шұғыл баруды тапсырды.

Жақын маңдағы елді мекендерді қорғау және өрттің одан әрі таралуының алдын алу шараларын күшейту тапсырылды.

2026 жыл 16 шілде сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өрт сөндіруге 400-ден астам адам және 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Көлемі 100 тоннадан асатын су себілді. Жедел штаб жұмысы Премьер-министрдің жеке бақылауында деп хабарлайды Үкімет тарапы.

ӨРТ ЖАЙЛЫ

Экология министрлігінің мәліметінше, өрт Бородулиха филиалының Қамышен орманшылығының 57-орамында шыққан.

Тілсіз жауды сөндіруге орман күзеті, ТЖД күштері, арнайы техника және Bambi Bucket су төгу құрылғысымен жабдықталған әуе кемесі тартылды. Қосымша күш ретінде тағы техника мен орманшылар жіберіліп, AS350 және Ми-8 тікұшақтары да жұмылдырылуда.

Қазір өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Back to top button