Атырауда 43 жыл еңбек еткен мұғалімге үйін жекешелендіру құқығын сотта дәлелдеуге тура келді

Атыраулық педагог 43 жылдық еңбек өтілімен жалдамалы пәтерді жекешелендіру құқығын сот арқылы дәлелдеуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2011 жылы білім саласында отыз жылдан астам уақыт жұмыс істеген әйелге мемлекеттік тұрғын үй қорынан екі бөлмелі пәтер жалға берілген. Алайда үш жылдан кейін жергілікті тұрғын үй инспекциясы оған бұл пәтерді жекешелендіруге рұқсат бермей қойған. Олар себеп ретінде мұғалімнің атына бұған дейін тіркелген жылжымайтын мүліктің болуын алға тартқан. Ол мүлік 2022 жылы басқа тұлғаның меншігіне өткен.
Мұғалім бұл шешімге қарсы сотқа жүгінген. Ол пәтерге қоныстанған сәттен бастап жалдау ақысын адал төлеп келгенін алға тартқан. Оның сөзінше, аталған жылжымайтын мүлік — оған бұрын берілген жер телімінде орналасқан аяқталмаған құрылыс болған.
Әйел адамның айтуынша, қаржылық мүмкіндіктің болмауына байланысты 20,5 шаршы метрлік құрылыс нысаны аяқталмаған, терезесі, ішкі әрлеуі болмаған және тұруға мүлде жарамсыз күйде қалған. Кейін ол нысанды сыйға тарту шартымен танысына берген.
Сот талқылауы барысында мұғалім мен оның ұлының атына тіркелген басқа тұрғын үйі жоқ екені анықталған. Сондай-ақ педагог кәсіби қызметінің барлық жылында бюджеттік салада еңбек еткен. Сондықтан ол өзі тұрып жатқан пәтерді қалдық құны бойынша жекешелендіруге толық құқығы бар екенін алға тартқан.
Сот мемлекеттік органды аталған тұрғын үйді мұғалімнің жекеменшігіне беруді қарастыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеді. Мемлекеттік орган бұл шешіммен келісіп, оны сотта дауламады. Сот шешімі заңды күшіне енді және орындалуға жатады.