Volkswagen Қазақстан нарығына қайта оралады: сатылымға жаңа модельдер шығады

Volkswagen бренді Қазақстан нарығына ресми түрде қайта оралады. Orbis Auto компаниясы Volkswagen China компаниясымен келісімге қол қойып, неміс автоконцернінің көліктерін Қазақстанға ресми жеткізу құқығына ие болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңа автокөліктердің сатылымы 2026 жылдың екінші жартысында басталады.
Қазақстанға қандай модельдер келеді?
Алғашқы кезеңде қазақстандықтарға Volkswagen-дің бірнеше жаңа моделі ұсынылады. Олар:
* Bora
* Passat
* Tayron
* Talagon
Сонымен қатар Қазақстан нарығына Jetta бренді де ресми түрде шығады. Сатылымға VA7, VS7 және VS8 модельдері ұсынылады.
Бұл көліктер Volkswagen платформасында жасалған және күнделікті пайдалануға арналған. Компания оларды қолжетімді баға сегментіне бағыттағанымен, қауіпсіздік пен сапа бойынша Volkswagen концернінің бірыңғай стандарттарына сәйкес келетінін атап өтті.
Volkswagen Қазақстанға не үшін қайта келді?
Volkswagen China Қазақстанды өңірдегі болашағы зор автомобиль нарықтарының бірі деп бағалайды және Orbis Auto компаниясымен ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға ниетті.
Volkswagen Brand China компаниясының бас директоры Роберт Цисектің айтуынша, Қазақстан компанияның ұзақмерзімді даму стратегиясында маңызды орын алады.
«Біз Orbis Auto компаниясымен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймыз және Қазақстан автомобиль нарығының әлеуетіне сенімдіміз. Бұл нарықты ұзақ мерзімді бағыт ретінде қарастырамыз. Сондықтан автокөлік сатылымын арттырумен қатар, Orbis Auto-мен бірлесіп заманауи сату және сервистік қызмет көрсету экожүйесін қалыптастыруды көздейміз», – деді Роберт Цисек.
Компанияның мәліметінше, Volkswagen Қазақстандағы қатысу аясын кезең-кезеңімен кеңейтіп, модельдік қатарын толықтыра бермек.