TOP-2Ерекше

Жасанды интеллект қазақ ертегілерін қалай «тірілтіп» жатыр

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі ұлттық мұраны жаңа буынға жақын тілде жеткізуге ұмтылуда.

Қазіргі балалар ерте жастан мультфильмдер, бейнероликтер мен ертегілерді көріп өседі. Бұл олардың дүниетанымына, сөйлеу мәдениетіне және ұлттық болмысының қалыптасуына әсер етеді. Қуантатыны – ұлттық мұраны сақтап, оны жаңа форматта ұсынуға ұмтылатын шығармашыл азаматтардың көбейіп келе жатқаны. Соның бірі – жасанды интеллектінің көмегімен қазақ ертегілерін анимациялық бейне ретінде жасап жүрген автор Әмина Әсілбай. Tizgin.kz тілшісі қазақ ертегілерін жасанды интеллект арқылы «тірілтуге» ұмтылған автормен сұхбаттасты.

Нейрожелілердің мүмкіндіктері арқылы халық ертегілері жаңа тыныс алып, балалар оларды тек оқып қана қоймай, өздеріне қызықты әрі заманауи форматта тамашалай алады.

Әмина Әскерқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Ол Назарбаев Зияткерлік мектебіне, қазақ-түрік лицейіне оқушыларды дайындайды.

«Еліміздің жетекші мектептеріне түсу үшін оқушылар қазақ тілінің сауаттылығынан тест тапсырады. Ол тесттер мәтін түрінде келеді. Балалардың көпшілігі мәтіннің негізгі ойын мүлдем түсінбей жатады. Жыл сайын басшылық қазақ тілінің тест деңгейін көтеру керек деп тапсырма беріп, не істеу керектігіміз туралы сұрау салады. Ойлана келе мұғалім ретінде, ана ретінде балалардың ақпаратты қазір бұрынғыдан мүлде басқаша қабылдайтынын байқадым. Олар қысқа видео мен визуалды контентке қызығады, сондықтан «Неге қазақ тіліне қатысты ережелерді, қазақ ертегілерін, аңыз-әңгімелерін дәл осы форматта ұсынбасқа?» деген ой келді. Осылайша жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, ұлттық мұрамызды жаңа буынға жақын тілде жеткізуге кірістім», – дейді ол.

Оның мақсаты – балалардың білімге деген қызығушылығын алдымен видео арқылы оятып, кейін түпнұсқа шығарманы оқуға ынталандыру.

«Бір видеоны дайындау уақыты оның ұзақтығына байланысты өзгереді. Орта есеппен бір бейнероликке бірнеше сағаттан бір күнге дейін уақыт кетеді. Әр кадрдың сценарийі жазылады, кейіпкерлердің бейнесі жасалады, анимация, дыбыс, монтаж бәрі жеке дайындалады. Ең үлкен қиындық – жасанды интеллектке қазақы ерекшелікті дұрыс жеткізу болды. Кейіпкерлердің киімі, ұлттық нақышы, табиғаты, бет-бейнесі біздің мәдениетімізге сәйкес келуі үшін көптеген тәжірибе жасап, әр кадрды бірнеше рет өңдеуге тура келеді», – дейді Әмина Әсілбай.

Ол көрермендер халық ертегілерінің заманауи форматтағы нұсқаларын жақсы қабылдап жатқанын айтты.

«Әсіресе мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар қызығушылық танытып жатыр. Көпшілік «Осындай формат арқылы балалар ертегіні қызығып көріп, кейін кітапты оқуға ниеттенеді» деген пікірлер қалдырады. Бұл мен үшін үлкен мотивация. Жасанды интеллект мәдени мұраны алмастырмайды, оны жаңа форматта таныстыруға мүмкіндік береді. Егер оны дұрыс қолдансақ, қазақ әдебиеті мен фольклорын әлемге танытатын қуатты құралға айнала алады», – дейді маман.

 

Мұғалім жасанды интеллект адамның орнын баса алмайтынын, бірақ шығармашылық адамның көмекшісі бола алатынын айтты.

«Идеяны ойлап табу, оқиғаны құрастыру, ұлттық ерекшелікті сезіну – мұның бәрі адамға байланысты. Ал жасанды интеллект сол идеяны жүзеге асыруды жылдамдатады», – дейді ол.

Оның айтуынша, ең көп қызығушылық танытылған ертегілердің қатарында «Бауырсақ», «Аяз би», «Жеті қарақшы», және «Мақта қыз бен мысық» бар.

«Бұл кейіпкерлер балаларға да, ересектерге де жақсы таныс болғандықтан, көрермендер оларды ерекше ықыласпен қабылдайды.Тек әдеби шығармаларды ғана емес, қазақ тілінің теориясын да жасанды интеллектпен видеоға айналдырып, әлеуметтік желідегі парақшамда бір күнде 600 адамнан 5000 адамға дейін оқырман жинадым. Болашақта қазақ аңыздарын, батырлар жырын, тарихи тұлғалардың өмірін және әдеби шығармаларды да кино стиліндегі қысқа бейнелерге айналдырғым келеді. Бұл жастардың тарих пен әдебиетке деген қызығушылығын арттырады деп сенемін.Ол үшін де шексіз мүмкіндіктер қажет болады», – дейді Әмина Әскерқызы.

Филология ғылымдарының магистрі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі өз саламның нағыз маманы, нағыз жанашыры ретінде алдына келген бір балаға болсын ұлттық құндылықты сіңіруді өзінің мәнідеті санайды.

«Менің жеткізгім келетін басты ой – технология ұлттық құндылықтарға қарсы емес. Керісінше, оны дұрыс пайдалансақ, төл мәдениетімізді жаңа деңгейде таныта аламыз. Балалар қазақ ертегілерін сүйіп өссе, бұл ұлттық рухтың сақталғаны. Ал жасанды интеллект сол жолдағы тиімді құралдардың бірі ғана», – дейді ол.

Back to top button