Тергеу

Шымкентте әскерден қашқан жігіт 3-қабаттан секіріп, мүгедек болып қалды

Әскери борышын өтеуден бас тартқан жігіттің қабырғалары мен қолы сынған. 23 жастағы Арман Хабибуллаға екінші рет ота жасалады, деп хабарлайды Tizgin.kz Информбюро арнасына сілтеме жасап.

ЖЕТІ КҮН КОМАДА ЖАТҚАН

Ресми ақпаратқа сәйкес, оқиға Шымкент қаласында болды. Түнгі сағат 01:00 шамасында компьютерлік ойын орталығында отырған балаларға өздерін әскери комиссариаттанбыз деп таныстырған төрт адам келген екен.

«Содан құжаттарын сұрап, 23 жастағы ұлым Арман Хабибулланы әкетеміз деген» – дейді анасы Жанна Бәйдібекова.

Бұған келіспеген жігіт терезенің үшінші қабатынан секірген. Содан бері жеті күн бойы комада жатқан баласы мүгедек болып қалуы мүмкін деп ойлайды.

«Не болды, не жағдай десем, баланың басынан жарақат алған. Бас сүйегі жарылған. Алдыңғы бөлігі жарылған деді. Қабырға сынған деді және қолы сынған деді. Әзірге ешнәрсе айта алмаймыз деді» …..«Ол кісілер участковый екен. Екеуі СОБР-дың жігіттері екен. Тергеуі не мақсатпен игротекаға келді. Не мақсатпен әскерге алып кетемін деп баламды қорқытады. Неге мәжбүрлейді терезеден секіріп кетуге?» – дейді анасы.

ТЕРГЕУШІЛЕР ТОҚТАУСЫЗ АУЫСЫП ЖАТЫР

Биіктен құлаған жігіттің басына ота жасалып, төрт күннен соң есін жиған. Анасының айтуынша, бар қиындық алда тұрғанын білмеген.

Енді үйлендіремін деп отырған ұлына дәрігерлер мүгедектікке құжат жинауды тапсырыпты. Сөйтіп, келесі айда басына тағы да операция жасамақ. Осының бәріне полицейлерді кінәлаған келіншек олар кешірім сұрап келмек түгілі, жауапқа да тартылмады деп ашынады.

«Тергеушіден нақты жауап ала алған жоқпын. Допроc алдыңыз ба десем ертең аламын, ертең аламын дейді. Міне кеше 3–4 күн бұрын допрос алдық деді. Куәгерден алдық деді. Біреуінен әлі алған жоқпыз деді. Мен соған таң қалып тұрмын. Олар әлі жұмыстарын істеп жатыр» – дейді Жанна Бәйдібекова.

Арманның анасының сөзінше, арыз жазғалы тергеушілер де тоқтаусыз ауысып жатыр. Жуырда тағы да жаңадан тағайындалған тергеуші іспен енді танысып жатырмын деп қысқа қайырған екен. Құзырлы орган өкілдерінен қайыр таппадық деген Шымкент қаласының тұрғыны бұл іске Ішкі істер министрлігінің араласуын сұрайды. Ал, Шымкенттің полиция департаменті бұл мәселе бойынша әзірге жауап берген жоқ.

Back to top button