+41 градусқа дейін ысиды: синоптиктер қазақстандықтарға тағы ескерту жасады
Қазақстанның бірқатар өңірінде 15 шілде, сәрсенбіде күн қатты ысуы мүмкін, деп ескертеді «Қазгидромет» РМК.
15 шілдеде Астанада өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпінді жел соғады деп күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады. Кей уақытта екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Ал Алматыда күн қатты ысып, ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады. Іле Алатауының таулы аймақтарында (Медеу және Бостандық аудандарының тау бөктерінде) өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Батыстан соғатын желдің екпіні кей уақытта секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде дауылды жел көтеріліп, шаңды дауыл соғып, күндіз бұршақ түсуі ықтимал. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады. Оның екпіні секундына 15-20 метрге, кей уақытта 25 метрге дейін жетеді.
Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанып отыр. Батыстан соғатын желдің екпіні таулы өңірлерде секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Күндіз ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі. Облыстың солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталса, батысында, шығысында және орталығында жоғары өрт қаупі бар. Оңтүстік бөлігінде де жоғары өрт қаупі күтіледі.
Қостанай облысында 15 шілдеге қараған түні облыстың солтүстік-шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз өңірдің батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Облыстың батысы мен солтүстігінде кей уақытта қатты жаңбыр жаууы мүмкін. Түнде және таңертең солтүстік пен шығыста тұман түседі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыстың оңтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың батысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Батыстан және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні облыстың батысында секундына 15-18 метрге дейін күшейеді. Солтүстігінде, шығысында және орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында күндіз шаңды дауыл соғады. Солтүстіктен соғатын жел кейін оңтүстік және оңтүстік-батыс бағытқа ауысып, екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады, ал батысында жоғары өрт қаупі бар.
Абай облысының батысы мен оңтүстік-батысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-шығыс және шығыс бағыттан соғатын желдің екпіні облыстың солтүстік-батысында, шығысында және оңтүстігінде секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады, ал солтүстігі мен оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі күшінде. Сонымен қатар, 15-17 шілде аралығында облыстың оңтүстігінде күндіз ауа температурасы +41 градусқа дейін көтерілетін аптап ыстық күтіледі.
Атырау облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстігінде аздаған жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін. Облыстың батысы мен оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының шығысы мен оңтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыстан және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні облыстың шығысы мен оңтүстігінде секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады, ал солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында және орталығында төтенше өрт қаупі күшінде. Сондай-ақ 16-17 шілде күндері облыстың оңтүстігінде +41 градусқа дейін аптап ыстық болады деп күтіледі.
15 шілдеде Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15 метрге дейін күшейеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады.
Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде және шығысында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың орталығында аздаған жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін оңтүстік-батысқа ауысады. Оның екпіні облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында секундына 15 метрге дейін жетеді. Оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі, ал батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Күндіз ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық болады.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың шығысында қатты жаңбыр күтіледі. Күндіз оңтүстігі мен шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр. Батысында түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік-шығыс және шығыс бағыттан соғатын желдің екпіні облыстың оңтүстік-батысы мен шығысында секундына 15-20 метрге дейін, кей уақытта 23-28 метрге дейін күшейеді. Облыстың оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында күндіз солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталады, ал батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі күшінде. Күндіз ауа температурасы +39…+41 градусқа дейін көтеріледі.
Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Облыс бойынша жоғары өрт қаупі күтіледі, ал оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен орталығында түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз облыстың солтүстігінде аздаған жаңбыр, найзағай, ал шығысы мен орталығында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін батысқа ауысады. Оның екпіні облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде секундына 15-20 метрге дейін, кей уақытта 23 метрге дейін жетеді. Күндіз ауа температурасы +40 градусқа дейін көтерілетін өте қатты ыстық болады.
Жетісу облысының таулы аудандарында 15 шілде күні өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні облыстың шығысында секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. 15-16 шілде аралығында облыстың батысы мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ түсіп, дауылды жел соғуы мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Облыстың оңтүстігінде күндіз ауа температурасы +36 градусқа дейін көтеріледі. Батыс бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысының таулы аудандарында солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады, ал оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі күтіледі.