Құрылтай сайлауына бюджеттен 34,3 млрд теңге бөлінді
Ақпаратты отырыста Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник жария етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оның айтуынша, республикалық бюджет былтыр бекітілген кезде Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу жоспарланбаған. Осыған байланысты қажетті қаржы Үкімет резервінен бөлінген.
“Сайлау бюджеті аумақтық сайлау комиссияларының өтінімдері негізінде және сайлау туралы заңнаманың талаптарына сәйкес қалыптастырылды. Онда сайлау процесін толық ұйымдастыруға қажетті барлық шығыс ескерілген”, – деді Михаил Бортник.
ОСК мәліметінше, белгіленген мерзімге дейін сайлауға қатысатын жеті саяси партия өз кандидаттарының тізімін ұсынған.
Жалпы кандидаттар саны – 546 адам. Оның ішінде:
- «Әділет» партиясы – 186;
- Respublica партиясы – 76;
- Қазақстан халық партиясы – 72;
- «Ауыл» партиясы – 69;
- «Ақ жол» демократиялық партиясы – 63;
- «Байтақ» жасылдар партиясы – 47;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) – 33 кандидат ұсынды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, партиялық тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін сайлау жарнасы 15 ең төменгі жалақы, яғни 1 275 000 теңгені құрайды.
Сонымен қатар ол Мәжілістің 2023 жылғы сайлауында кемінде 5 пайыз дауыс жинаған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден толық босатылатынын айтты.
Ал 3 пен 5 пайыз аралығында дауыс жинаған партиялар жарнаның 50 пайызын, 1 мен 3 пайыз аралығында дауыс алған партиялар оның 70 пайызын төлейді.
Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде күні сағат 18:00-де аяқталады. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына ресми түрде тіркелген кандидаттардың түпкілікті тізімін жариялайды.