Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібін қаржыландыратын негізгі даму институты – «Өнеркәсіпті дамыту қоры». Кейінгі жылдары бұл ұйымның жаңа өнеркәсіп саясатындағы ықпалы ұлғайып келеді. Қор былтыр 524 жобаға 948 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Олардың арасында қытайлық Changan, Chery, Haval және Jetour автокөліктерін шығаратын зауыттар да, желатин, айна, кілем, қаптама, кондитер өнімдері мен жүн өңдеу өндірістері де бар, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Соңғы жеті жылда ӨДҚ-ны портфель құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2018 жылғы 22%-дан 2024 жылдың ортасында 41%-ға дейін көбейіп, инфрақұрылым жобаларының үлесі 69%-дан 46%-ға дейін қысқарған. Бұл қордың өндірістік жобаларға басымдық бере бастағанын көрсетеді.
2025 жылы ӨДҚ қаржыландырған ірі жоба – Алматыдағы 101,9 млрд теңгелік Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибренд зауыты. Мұнда Changan, Chery және Haval маркалы көлік шығару жолға қойылған. Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПромның» Jetour X70 Plus автокөліктерін құрастыру жобасы, Астанадағы «Автокомпоненты KZ»-тің өрт сөндіру техникасына арналған бөлшектер шығаратын кәсіпорны да қордан қолдау көрді.
Сондай-ақ былтыр бұл қор Тараздағы Taraz Gelatin желатин өндіретін зауыттың құрылысына да атсалысты. Қызылордағы AynaGlass жобасы Қазақстандағы алғашқы конвейерлік айна өндірісін іске қосты. Ал Ақтөбедегі KazFeltec жүн өңдеп, құрылысқа арналған жылуоқшаулағыш материалдар шығара бастады. Семейдегі «Қазполиграф» Pure-Pak картон қаптамасын өндіруге арналған жаңа желіні іске қосты. Шымкенттегі «Бал Текстиль» кілем өндірісін кеңейтіп, «Рахат-Шымкент» вафли өндіру желісін жаңғыртты. Алматы облысында Run Planet Organic алма өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілді.
Экологиялық бағыттағы жобалар да назардан тыс қалмаған. Қостанай облысында «Рудный-Абат-2006» мен «Еділ және компания» қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобаларын жүзеге асырды. Қарағанды облысында Qaragandy Power Silicon кремний өндірісінің бірінші кезеңін іске қосса, Silumin of Qazaqstan қысыммен құю зауытын қолдаанысқа берді.

Өнеркәсіпті дамыту қоры 2025 жылы пайдалануға берілген 14 негізгі өндірістік жобаға 149,7 млрд теңге инвестиция салып, нәтижесінде 3 340 жаңа жұмыс орны ашылған.
Жылдық есепте қордан 524 ұйым қарыз алғанын көруге болады. Қысқартып айтсақ, Өнеркәсіпті дамыту қорының қаржысы бүгінде автомобиль құрастырудан бастап желатин, айна, кілем, қаптама, тамақ және қайта өңдеу өндірістеріне дейінгі әртүрлі бағыттағы кәсіпорындарды қолдауға бағытталып отыр.
Қазақстан соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібін экономиканың негізгі өсім нүктелерінің біріне айналдыруға талпынып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, елдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2022 жылғы 48,8 трлн теңгеден 2023 жылы 47 трлн теңгеге дейін азайғанымен, кейін қайта өсімге шықты. 2024 жылы өндіріс көлемі 51,5 трлн теңгеге жетсе, 2025 жылы алғаш рет 62,6 трлн теңгеден асты. Осы кезеңде мемлекет өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа өндірістерді іске қосуға, кәсіпорындарды жаңғыртуға және импортты алмастыратын жобаларды дамытуға арналған қолдау құралдарын кеңейтіп жатыр.