Киік еті өтпей жатыр: министрлік жаңа шешімдер іздеуде
Қазақстанда киік етін өңдейтін кәсіпорындар киік етін сатуда қиындықтарға тап болды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір бұл өнімді пайдаланудың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, киік еті сатылымға шыққан алғашқы кезде оған сұраныс болған. Бұл негізінен тұтынушылардың қызығушылығымен байланысты болған.
«Бір кезеңде сұраныс жоғары болды. Консервілерді де сатып алды, бірақ көбіне оны ерекше өнім ретінде көрді. Қазір бұл қызығушылық бәсеңдеп, кәсіпорындар өнімді өткізуде қиындықтарға тап болып отыр», – деді ол Үкімет кулуарында.
Сұлтановтың айтуынша, қазіргі таңда Экология министрлігі және Сауда министрлігімен бірлесіп, киік етін пайдаланудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Соның бірі – азық-түлікті көп көлемде сатып алатын ұйымдарға жеткізу.
Сонымен қатар, вице-министр киік етін балалардың тамақтануына пайдалану жоспарланып отырмағанын атап өтті.
«Мысалы, вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорындар бар. Олар азық-түлікті жаппай сатып алады. Киік етін басқа ет түрлерімен бірге олардың ас мәзіріне қосуға болады», – деп түсіндірді Сұлтанов.
Ол киік етінің адам тұтынуына толықтай қауіпсіз екенін айтты. Оның сөзінше, барлық өнім міндетті түрде зертханалық және ветеринариялық бақылаудан өтеді.
Әскерге жеткізу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берген Сұлтанов әзірге мұндай жоспар жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, киік еті диеталық өнім саналады, сондықтан жас әскери қызметшілер үшін еттің басқа түрлері қолайлырақ.
Сондай-ақ, вице-министр киік етіне ұсынылған бағаны әзірге төмендету жоспарланбағанын айтты. Оның айтуынша, баға өнімді өндіруге, тасымалдауға және өңдеуге кеткен шығындарды ескере отырып қалыптастырылған. Қажет болған жағдайда, кәсіпорындардың шығындары артса, баға қайта қаралуы мүмкін.