Экономика

«Жасанды интеллектіден сұраңыз»: вице-министр қазақстандықтардың табысы туралы

Ел экономикасы өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өскенімен, жұртшылық бұл өсімді өз қалтасынан әлі сезінбей отыр. Үкіметтегі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мұның басты себебі инфляция екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Вице-министрдің айтуынша, халықтың номиналды табысы өсіп жатқанымен, ұзақ уақыт бойы инфляция бұл өсімді толықтай дерлік жоққа шығарған. Сөзінше, 2025 жылы халықтың нақты табысы 2 пайыздан астам төмендеген. Алайда 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысында бұл көрсеткіш алғаш рет оң мәнге шыққан.

«Алты айдың қорытындысы бойынша халықтың нақты табысы 0,1 пайызға өсті. Ал номиналды табыстың өсімі 11 пайыздан асты», – деді Арман Қасенов.

«Жасанды интеллектіден сұраңыз»

Арман Қасенов ұзақ мерзімді кезеңде экономиканың өсуі халық табысының артуына міндетті түрде әсер ететінін айтты. Бірақ кейбір кезеңдерде бұл екі көрсеткіштің арасында уақытша алшақтық пайда болады.

Вице-министрдің айтуынша, мұндай теңгерімсіздік COVID-19 пандемиясынан кейін қалыптасты. Себебі көптеген мемлекет экономикалық белсенділік төмендегеніне қарамастан, халықты қаржылай қолдауды жалғастырған.

«Динамикаға қараңыздар. Жасанды интеллект сіздерге бұл графикті тез-ақ сызып береді. 2000 жылдан бері халықтың нақты табысы қалай өзгергенін сұраңыздар. Сонда нақты табыстың өсімі жалпы ішкі өнімнің өсімінен де жоғары қарқынмен жүргенін көресіздер», – деді вице-министр.

Оның сөзінше, соңғы бір жарым жылда экономика осы теңгерімді қалпына келтіру кезеңінен өтті.

Табыстың өсіміне не әсер етті

Арман Қасенов биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі мен халықтың нақты табысы арасындағы алшақтық шамамен екі есеге қысқарғанын айтты.

«Мен дәл осы сәттен бастап халықтың нақты табысының өсімі тұрақты түрде оң аймақта болады деп толық сенемін», – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қазақстандықтардың нақты табысы ұзақ уақыттан кейін алғаш рет 0,1 пайызға өскенін мәлімдеген еді.

Back to top button