Жаңалықтар

Алты қалада ауа сапасы нашарлайды: синоптиктер ескерту жариялады

Алты қалада тұрғындарға көшеде ұзақ жүрмеуге кеңес берілді.

«Қазгидромет» синоптиктері 14 шілде, сейсенбі күні Қазақстанның алты қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мамандардың болжамынша, ауада зиянды заттардың жиналуына және смогтың пайда болуына ықпал ететін қауіпті метеорологиялық жағдай Алматы, Ақтөбе, Өскемен, Риддер, Астана (негізінен түнгі уақытта), Атырауда (негізінен түнгі уақытта) күтіледі.

Синоптиктердің түсіндіруінше, қолайсыз метеорологиялық жағдай – желдің мүлде болмауы немесе өте әлсіз соғуы, тұман, сондай-ақ температуралық инверсия сияқты бірнеше табиғи фактордың қатар келуі. Мұндай кезде ауа массалары қозғалмайтындықтан, автокөліктер мен өнеркәсіп орындарынан бөлінетін зиянды шығарындылар таралмай, адамдар тыныс алатын жерге жақын ауа қабатында жиналып қалады.

Ауа сапасының нашарлауына байланысты мамандар аталған қалалардың тұрғындарына мынадай сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

  • Көшеде, әсіресе көлік қозғалысы қарқынды жолдар мен өндірістік аймақтардың маңында ұзақ уақыт болмаңыз. Жүкті әйелдер мен балаларға ұзақ серуендеуден бас тартқан жөн.
  • Денсаулығыңызды қорғаңыз: өкпе, жүрек аурулары немесе аллергиясы бар адамдар сыртқа шыққанда өздеріне қажетті дәрі-дәрмектерін бірге алып жүргені дұрыс.
  • Ашық аспан астында спортпен шұғылданбаңыз. Барлық дене жаттығуларын уақытша жабық спорт залдарына ауыстырған жөн.
Back to top button