Ресейліктер Қазақстаннан жаппай пәтер сатып алып жатыр
Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында сұраныс қарқыны біршама артқан. Халықаралық жылжымайтын мүлік агенттігінің сату бөлімі жетекшісі Асхат Тәжиев нарықтағы өзгерістер күн сайын байқалатынын айтып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БАСПАНАНЫ ҚАНДАЙ МАҚСАТТА АЛЫП ЖАТЫР
Елдегі тұрғын үй нарығында Ресей азаматтарының белсенділігі айтарлықтай артты. Асхат Тәжиев биыл маусым айынан бері көршілес ел азаматтарынан түсетін өтініштер саны екі есеге жуық көбейгенін алға тартты. Әсіресе Ақтаудағы филиал жұмысы қыза түскен. Ондағы мамандар бұған аң-таң көрінеді.
Соңғы екі айға жетер-жетпес уақыт ішінде бұл өңірде өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда бес есе көп сұраныс тіркелген, – деді Тәжиев.
Маман сөзінше, Ресей азаматтары Қазақстаннан баспананы түрлі мақсатпен сатып алып жатыр. Бірі елдегі жоғары оқу орындарына түскен балалары үшін пәтер іздесе, енді бірі жинағын сақтап қалуды немесе инвестициялық қоржынын әртараптандыруды көздейді. Әсіресе Батыс Қазақстан өңірлері мен Каспий теңізі жағалауы ресейлік сатып алушылар қызығушылығын тудырып отыр.
ЖЕКЕМЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛУЫНА ЕРЕКШЕ МӘН БЕРЕДІ
Асхат Тәжиевтің айтуынша, сатып алушылардың басым бөлігі Қазақстандағы жекеменшік құқығының қорғалуына ерекше мән береді. Сондықтан мәміле жасамас бұрын агенттік заңгерлерімен бірге қолданыстағы заңнаманы егжей-тегжейлі түсіндіріп, шетел азаматтарының құқықтық кепілдіктеріне қатысты сұрақтарға жауап береді.
Оның айтуынша, жуырда агенттік Астанадағы Тұран даңғылында орналасқан элиталық тұрғын үй кешеніндегі пентхаусты Ресей азаматына 235 миллион теңгеге сатқан. Тәжиевтің пікірінше, кейбір клиент мұндай шешімді Ресейдегі экономикалық және саяси ахуалға байланысты қабылдап отыр.
ТӘЖИЕВ БОЛЖАМЫ
Сондай-ақ агенттік жақында Анатолий есімді Ресей азаматына пәтер рәсімдеп берген. Оның ұлы Назарбаев университетіне оқуға түсіп, әкесі бір мезетте екі мәселені шешуді жөн көрген. Баласына баспана алып беріп қана қоймай, болашақта құнын жоғалтпайтын жылжымайтын мүлік түріндегі актив қалыптастыруды мақсат еткен.
Асхат Тәжиевтің айтуынша, кейбір ресейлік клиент өз еліндегі жағдайдың одан әрі күрделенуі мүмкін деп алаңдауын да жасырмайды. Оның пікірінше, осы себепті Қазақстандағы жылжымайтын мүлікке деген қызығушылық алдағы айларда да сақталуы ықтимал. Агенттік өкілі күзге салым Ресейден келетін сатып алушылар саны бұдан да артады деп болжап отыр.