Қазақстан ондаған жыл бойы экономиканы мұнайға тәуелділіктен арылтып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға күш салып келеді. Сол үшін қазақстандықтардың салығы есебінен жеңілдетілген несие беріп, салық жеңілдіктерін ұсынып, өндірістік инфрақұрылым салуға қаржы бөлді. Бұл саясаттың негізгі қаржы операторларының бірі – Қазақстанның Даму банкі. Бұл институт арқылы көрсетілген мемлекет қолдауы қай кәсіпорындардың бағын ашты? Таңдау кімдерге түсті? Бүгінгі материалда осы сұраққа жауап іздейміз.
Тау-кен металлургиясы
Бұл салада ең көп қаржы KAZ Minerals Aktogay мыс-кен байыту комбинатына (963,8 млн доллар), Petrokazakhstan Oil Products мұнай өңдеу зауытына (931,1 млн доллар), Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға (475,8 млн доллар), Қазақстан электролиз зауытына (400 млн доллар), RG Processing алтын өндіру жобасына (300 млн доллар) және Ақтөбе рельс-арқалық зауытына (250,9 млн доллар) бағытталған.
Мұнай-химия және химия өнеркәсібі
Бұл бағытта Састөбе инновациялық кешені (64,5 млрд теңге), «Каустик» (65,7 млн доллар), «ҚазАзот» тыңайтқыш өндірісі (40,6 млрд теңге), Talas Investment Company натрий цианиді зауыты (40,6 млн доллар), ҚазАзотты жаңғырту жобасы (21,8 млрд теңге), Qazaq Soda кальцийленген сода зауыты (12 млрд теңге) және Шымкент химиялық компаниясы (9 млрд теңге) қаржыландырылған.
Машина жасау
Ең ірі жобалардың қатарында «Проммашкомплект» теміржол дөңгелектері зауыты (36 млрд теңге), Allur компаниялар тобы (29,5 млрд теңге), Hyundai Trans Kazakhstan (17 млрд теңге), АгромашХолдинг KZ (15,7 млн доллар), «АтырауМұнайМаш» (12,4 млрд теңге), Asia Trafo (8,6 млрд теңге), «Қазақэнергокабель» (7 млрд теңге) және Орал трансформатор зауыты (7 млрд теңге) бар.
Тамақ өнеркәсібі
Ең көп қаржы ECOCULTURE-EURASIA жылыжай кешеніне (42,2 млрд теңге), Макинск құс фабрикасының үш кезеңіне (33,6 млрд, 24,6 млрд және 14,6 млрд теңге), «Масло-Дел Петропавл» (21,2 млрд теңге), QAZAQ-ASTYQ GROUP жобаларына (17 млрд, 16 млрд және 7,1 млрд теңге), ALTYN SHYGHYS (15 млрд теңге), «Баян Сұлу» (6,1 млрд теңге), BIOOPERATIONS (6,5 млрд теңге), RG Brands Kazakhstan (4,9 млрд теңге) және «Шымкентмайға» (4 млрд теңге) бөлінген.
Құрылыс материалдарының өндірісі
ModeX Astana көлемді блоктар зауытына (26,8 млрд теңге) және EVOLVEKZ темірбетон бұйымдары өндірісіне (27,8 млрд теңге) инвестиция салған.
Өңдеу өнеркәсібі
AZALA Cotton (2 млрд теңге), AZALA Textile (2 млрд теңге) және «Шығысмашзауыты» (6,6 млрд теңге) жобалары қолдау тапқан.
Каталогтағы мәліметтерді таразылап қарасақ, Қазақстан даму банкі өнеркәсіп жобаларын қолдауға шамамен 2,35 трлн теңге бағыттаған. Оның ішінде ең көп қаржы тау-кен металлургиясы кешеніне (шамамен 1,03 трлн теңге) және мұнай өңдеу мен мұнай-химия саласына (727 млрд теңге) жұмсалған. Тамақ өнеркәсібіне 205 млрд теңге, химия өнеркәсібіне 194 млрд теңге, машина жасауға 126 млрд теңге, құрылыс материалдарының өндірісіне 55 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібінің өзге бағыттарына 11 млрд теңгеге жуық қаржы берілген. Бұл мемлекет қолдауының негізгі бөлігі шикізатты терең өңдеу мен экспортқа бағдарланған ірі өндірістерге бағытталғанын көрсетеді.