Педагогтерді аттестаттау тәртібі өзгерді
Оқу-ағарту министрінің 2026 жылдың 3 шілдесіндегі бұйрығы бойынша педагогтерді аттестаттау қағидалары мен шарттарына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызмет енді «Ұстаз» педагогтердің үздіксіз кәсіби даму ұлттық платформасы арқылы да көрсетіледі. Бұл – педагогтердің кәсіби қызметі туралы деректерді жинап, өңдеуге арналған цифрлық платформа.
Атап айтқанда, «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілік санаттарына өтініштер осы платформа арқылы қабылданады.
Ал «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер», сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларының барлық біліктілік санаттарына өтініш беруге болады.
Қандай құжаттар қажет
Аттестаттаудан өту үшін мынадай құжаттар ұсынылады:
- өтініш;
- білімі туралы диплом (егер цифрлық жүйеде мәлімет болмаса);
- қайта даярлау курстарынан өткені туралы құжат (бар болса);
- еңбек қызметін растайтын құжат (цифрлық жүйеде мәлімет болмаған жағдайда);
- біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы сертификат;
- бұрын берілген біліктілік санатын растайтын куәлік пен бұйрық (бар болса);
- кәсіби жетістіктері мен тәжірибесін таратуын растайтын құжаттар;
- білім алушылардың жетістіктерін растайтын құжаттар;
- көлемі 250–300 сөзден тұратын эссе.
Жеке басын куәландыратын құжат, білімі және еңбек қызметі туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың цифрлық ақпараттық жүйелерінен «электрондық үкімет» шлюзі арқылы автоматты түрде алынады.